Қоғам

Православтықтар Крещение мерекесін атап өтті

Православ сеніміндегі христиандар Крещение мерекесін атап өтті. Бүгін олар аластатылған өзен суына шомылды. Дін қызметкерлерінің айтуынша бұл күні су ерекше бір қасиетке ие болып, түрлі ауру-сырқаудың алдын алуға септеседі.

Діни рәсім басталмас бұрын Сергий әкей дұға оқып, крестті Есілге бірнеше рет батырды. Православтардың сенімі бойынша бұл күні су ерекше шипалық қасиетке ие болады. Тұрғындар өзен бойына таң атпай келіп, ыдыстарына тіршілік көзін құйып алып жатыр.

–  Бұл күні су ерекше қасиетке ие болатынын білемін. Сондықтан, мұндай суды бір жылға жететіндей етіп алуға тырыстым.

 

– Ыдысқа құйып алған су түрлі аурулардың алдын алуға септеседі. Бұл мейрамды асыға күтеміз.

 

– Судың құдіреттілігіне сенемін. Барлық тұрғындарға денсаулық тілеймін.

Таңертең мұздай суды алуға ниетті жандардан бөлек, оған шомыламын дейтін адамдардың да қатары қалың болды.

Есіл өзенінде үлкен де, кіші де жүр. Жұртшылықтың кейбірі алғаш рет сүйектен өтетін мұздай суға түсіп жатса, кейбірі тұрақты түрде шомылып тұрады екен.

–  Жыл сайын бұл күні суға түсеміз. Бүгін ауа температурасы минус 20 градустың үстінде. Суық өзен суының ішінде сезілмейді.


–  Өзімді дүниеге қайта келгендей сезініп тұрмын. Керемет әсер.


–  Суға кірген кездегі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шомылған адамның жыл бойы денсаулығы да мықты болады.

Православтық сенім бойынша бұл күні суға шомылғандар күнәларынан арылады екен. “Бастысы – әр адам тіршілік көзінің емдік қасиетіне шынымен сену керек”,- дейді дін қызметкерлері.

Сергий әкей – Петр және Павел храмының аға попы:

 

– Су – Құдайдың бізге берген сыйы. Өкінішке қарай, адамдардың дені суға немқұрайлы қарайды. Оны негізсіз қолданып, бағаламайды. Ал бүгінгі күн, қасиетті мереке жұртшылыққа тіршілік көзінің қадірін ұғындырады. Адамдар өзеннен су алып жатыр. Бұл өте дұрыс. Себебі, бүгінгі су бірнеше жыл бойы мөлдірлігін, шипалық қасиетін жоғалтпайды.

Есіл бойында жиналған қауымның қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл жерде дәрігерлерден бөлек, полицейлер мен құтқарушылар да кезекшілік атқарып, тиісті ережелердің сақталуын қадағалауда. Жалпы, облыс бойынша бұл күні суға түсуге арналып 16 орын әзірленген.

Нұрлан Кукашев – Петропавл қаласы ТЖБ жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

 

– Былтыр бір мүгедек адамға көмектескен болатынбыз. Оның суға шомылып жатқан кезде аяғы қарысып қалды. Мұздың сәл жарылған кездері де болды. Сол себепті, бір жерде бірнеше адамның жиналуына тыйым салынған. Тағы аумақта масаң адамдардың болмауын қатаң бақылаймыз.

Бүгін таңертең Есіл өзенінде 200-ден астам адам шомылған.

 

Жанна Бисенова