Білім

Kozybaev University диплом орнына жеке үлгідегі құжат әзірлеуде

Енді жоғары оқу орындарының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. Оның орнына әр білім ордасы өзіндік жеке құжат ұсынбақ. Қозыбаев Университетінің  маман иесінің жоғары білім алғанын растайтын куәлігінің жобасы қазір өңдеуден өтіп жатыр.

Жергілікті Қозыбаев университетінің жеке құжаты мемлекеттік үлгідегі дипломнан аса ерекшеленбейді. Куәліктің түсі мен сыртқы пішіні сол қалпында қалмақ. Алайда, мұқабасында Елтаңбаның орнына білім ордасының логотипі белгіленетін болады. Алдағы уақытта қара шаңырақтың өзіндік нөмірі де бекітілмек. Оны қазіргі таңда университет басшылығы әзірлеп жатыр. Ал бұған дейін біршама шаруа атқарылыпты.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– 1 жылдың көлемінде “Банкнот” фабрикасы мен Білім және ғылым министрлігімен өзара пікір алмасу барысында жеке үлгідегі құжаттың формасын, яғни түрін әзірледік.Ереже де, жеке үлгідегі құжаттың түрлері де директорлар кеңесінің отырысында бекітілетін болады.

Әр жоғары оқу орнының түлекке мемлекеттік дипломның орнына өзінің жеке құжатын беретіні туралы жақында белгілі болды. Осы орайда кез келген студентті “Жылдап тер төгіп, қол жеткізген куәлік құжаттың статусы төмендеп қалмай ма? Ертең жұмысқа орналасарда қиындық туындамай ма?” деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Бұл сауалдарға Қозыбаев университетінің Академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы Жанар Таласпаева былай деп жауап берді:

Жанар Таласпаева – Kozybayev University академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Бұған дейін түлектеріміз мемлекеттік үлгідегі дипломмен жұмысқа қалай тұрса, жеке үлгідегі құжатпен де солай қабылдана алады. Жалпы, жұмысқа орналасуға еш кедергісі жоқ. Және бұл – Қозыбаев Университетіне ғана емес, елдегі барлық жоғары оқу орындарына қатысты мәселе.

Биыл жаңа үлгідегі жеке құжатты Қозыбаев Университетінің 1800-ден астам түлегі иеленбек. Қазір оның 1653-і – бакалаврда, 145-і -магистратруда, 22-сі интернатурада оқып жүр. Ал докторантураны бітіретін 23 адам мемлекеттік үлгідегі диплом алмақ.

Алтынай Қазиқан