Құқық қорғау органдары

Биыл 9 солтүстікқазақстандық құжаттандырылды

Былтыр  облыс аумағында құжатсыз жүрген 100-ден астам адам жеке куәлік алған. Өңірімізде бұл бағытта биыл да нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 9 солтүстікқазақстандық құжаттандырылыпты.

Наиль Кадыров 40 жылға жуық кеңестік үлгідегі төлқұжатпен өмір сүріп келген. Жекеменшік мекемелерде жұмыс істегендіктен азамат жеке куәлікті аса керек ете қоймапты. Алайда, жақында қажеттілік туындаған. Медициналық көмекке жүгінген кезде дәрігерлер отандық құжатты сұратады.

Наиль Кадыров:

– Көші-қон қызметіне жүгіндім. Инспекторлар екі айдың ішінде құжатымды алуға көмектесті. Бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Жеке куәліктерін араға ұзақ жылдар салып алған жандардың тізімі бірнеше адамнан тұрады. Наиль Қадыровтан бөлек, тағы 8 адамға тиісті құжаттары табысталған.

Сәбит Жүсіпов – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы:

– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мәртебесі реттелмеген азаматтардың, яғни құжатсыз жүрген азаматтармен, дәлірек айтқанда ескі үлгідегі КСРО паспортымен жүрген адамдармен көші-қон қызметі полицейлері учаскелік полиция инспекторларымен, ауыл әкімдіктерімен бірге жұмыстар жүргізуде. СҚО-да құжатсыз жүрген 244 адам анықталды, олардың 48-і жеке құжаттармен құжаттандырылды.

Жалпы, 2020 жылы облыс аумағында құжатсыз жүрген 100-ден астам адам жеке куәлік алған.

Казиканова Алтынай