МТРА жаңалықтары

СҚО-да 2 ауылдық округ пен 3 елді мекеннің атауы өзгертілмек

Биыл өңірде 2 ауылдық округ пен 3 елді мекеннің атауы ауыстырылмақ. Өзгеріс Ақжар және Мамлют аудандарында орын алады. Сондай-ақ, ономастикалық комиссия өкілдері былтыр 340 көше атауын өзгертуге қатысты құжатқа қол қойыпты.

Былтыр облыстық ономастикалық комиссияның 2 отырысы өткен. Жиын барысында Ақжар мен Мамлют аудандарындағы 2 ауылдық округ пен 3 ауылдың атауын өзгертуге қатысты ұсыныс жасалыпты. Нақтырақ айтсақ, Ақжар ауданындағы Новосел ауылдық округін – Үлкен Қараой деп өзгертуге шешім қабылданады. Тағы дәл осы округке кіретін Коммунизм мен Киевское селолары Баймырза және Кіші Қараой деп ауыстырылмақ. Ал Мамлют ауданындағы Ленин ауылдық округі мен орталығына Бике атауы берілмек.

Ернияз Сұлтанов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің басшысы:

–  Бұл ұсыныстар жергілікті тұрғындармен қарастырылды. Атауды ауылдағы ағайынның өзі ұсынды. Бұл – байырғы атауы.

Сондай-ақ, өткен жылдың тамызында жергілікті ауылдардағы көше атауын өзгертуге қатысты да жиын ұйымдастырылыпты. Желтоқсанда қорытынды жасалған. Нәтижесінде 340 көшеге жаңа атау берілетін болып шешіліп, құжатқа қол қойылған.

Ернияз Сұлтанов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің басшысы:

–  24 көше – Қызылжар ауданында, 52 – Ақжарда, 1 – Уәлиханов ауданында өзгертіледі. Қызылжарда тіркеу аяқталды. Ақжар жақында бітіреді. 709, 01:19 Көшелердің атауын өзгерту арқылы идеологиялық ескірген дүниелерден арыламыз. Қазақ халқының байырғы төл атауын қайтарамыз. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде керек.

Елді мекен немесе ауылдағы көше атауын өзгертуге көп дегенде жарты жыл уақыт жұмсалады. Яғни, аудан әкімшілігі жоғарыда аталған шаруаны ақпан айының соңына дейін аяқтауы тиіс екен.

Ернияз Сұлтанов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің басшысы:

–  Көшені қайта атау немесе оған атау процесі 4-6 айға дейін уақыт алады. Заңнамаға сәйкес ең алдымен хабарландыру жазылады. Жергілікті тұрғындар қоғамдастық жиналыс өткізеді. Қорытынды 7 күн ішінде БАҚ-та жарияланады. Содан кейін аудандық мәслихатқа жолданады.

Өңірдегі елді мекендер мен көшелердің ескірген атауларын ауыстыру жұмыстары биыл да жалғасын таппақ.

Маржан Қасымбек