МТРА жаңалықтары

Облыста саяси науқанға орай атқарылып жатқан жұмыстар баян еттілді

Солтүстік Қаазақстан облысында сайлау қалай өткізіледі? Шалғай ауылдарда тұратын жандар қалай таңдау жасайды? Бұл сұрақтардың барлығына бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жауап берілді. Брифинг барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов саяси науқанға орай атқарылып жатқан жұмыстарды да баян етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 21 қазандағы жарлығына сәйкес, мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өткізілетін болды. Көзді ашып-жұмғанша белгіленген датаға жақындап та қалдық. Қазір барлық жерде алдағы саяси додаға қызу дайындық жүріп жатыр. Біздің өңірде нендей жұмыстар атқарылуда? Бұл сұраққа бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов жауап берді.

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлауды дұрыс өткізуге байланысты облысымызда 130-дан астам оқыту семинары өткізілді. Эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, маңызды шара санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылады. Барлық бөлімшелерде дауыс беруге арналған кабиналар жеткілікті. Оларды әзірлеп қойдық. Жалпы, өңірде 650-ден аса сайлау учаскесі бар.

Отандастарымыздың жайы түсінікті. Ал шетелдерде жүрген қазақстандықтар мен ауруханада ем алып жатқан жандар қалай дауыс береді? Онлайн брифинг барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасына осындай сауал түсті.

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Қазақстан Республикасының өкілдігі орналасқан мемлекеттердің барлығында сайлау бөлімшелері жұмыс істейді. Яғни, отандастарымыз сол жерге барып, өз таңдауын жасай алады. Түрлі себептерге байланысты учаскеге бара алмайтын жандарға да айтарымыз бар. Мұндай кісілер қаңтардың 10-ы түнгі сағат 12-ге дейін сайлау бөлімшесінен тыс жерде дауыс беретіні жайлы арыз жолдаулары қажет. Осы өтініш бойынша комиссия мүшелері жәшіктерді көрсетілген мекен жайға апарады.

«Ал ауруханада жатқан жандар сол мекемеде орналасқан сайлау бөлімшесінде дауыс береді. Емделушілердің тізімі қаңтардың 9-ы күні жасақталады. Бұл жайында еш уайымдаудың қажеті жоқ»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов. Өлкемізде шалғай орналасқан елді мекендер көп. Сонымен қатар, 10 немесе одан да аз адам тұратын ауылдар бар. Осындай жерлердегі жандар үшін қандай жағдай жасалмақ?

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлау бөлімшелері жоқ жерлерде тұрып жатқан азаматтар үшін жеткізу қызметі жұмыс істейтін болады. Нақтырақ айтсақ, жергілікті атқарушы орган өкілдері 10 немесе 15 тұрғыны бар елді мекендердегі кісілерді жақын маңдағы бөлімшеге апарып-әкетеді. Мұндай ауылдар аймағымызда бар, бірақ көп емес.

Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмаған. Мамандар жарымжан адамдар үшін сайлау учаскелерінде арнайы дауыс беру кабинасын орнатыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады. Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.

 

Бердимурат Баймухан