ТЖ

СҚО-да Жаңа жылдық демалыс күндері 23 өрт тіркелді

Өңірде өткен жылы 700-ден астам өрт оқиғасы тіркелген екен. Өкінішке қарай, сол өрттің салдарынан 47 адам көз жұмды. Мамандардың айтуынша тілсіз жаудың құрсауында қалған адамдардың тең жартысы ащы судың қырсығынан ажал құшқан. Жаңа жыл бастала салысымен де тілсіз жау төтеден келіп, 23 нысанды қызыл жалынға орады. Бір адам қаза тапты.

Жаңа жылдық демалыс күндері облыс аумағында 23 өрт оқиғасы орын алды. Оның 22-сі – үй-жайларда, 1-еуі – сауда нысанында. Төтенше жағдайлардың басым көпшілігі сымдардың қысқа тұйықталуынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болған. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан бір жерлесіміз көз жұмды.

Орал Әбдірахманов – СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– Тимирязево селосындағы қос пәтерлі үй отқа оранды. Өрт кезінде баспана иесі іште болған. Оның жансыз денесін мамандар тілсіз жауды толық ауыздықтағаннан кейін ғана тапты.

Енді облыс орталығындағы жағдайды баян етейік. Дәл Жаңа жыл қарсаңында қаладағы “Караван” сауда үйінен өрт шықты. Қызыл жалын 39 шаршы метр жерді шарпыған.

Орал Әбдірахманов – СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– 31-ші желтоқсанда сағат кешкі 7-де біздің департаментке “Караван” сауда үйінде өрт оқиғасы жайлы қоңырау келіп түсті. Қызметкерлер оқиға орнына 19 минутта жетіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Қазіргі таңда оттың шығу себебі анықталып жатыр.

Құтқарушылар сауда нысанындағы өртті сөндіру кезінде 5 қабатты үйден 125 тұрғынды эвакуациялаған. Отты ауыздықтауға 40 маман мен 12 техника жұмылдырылған.

 

 

 

Алдияр Айтпаев