МТРА жаңалықтары

Президенттің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің  “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы жарық көрді. Өз сөзінде  Мемлекет басшысы жерге қатысты алып-қашпа сөздерге нүкте қойып, егеменді еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін жазған. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қатысты ой айтылады. Бұл ретте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов  мақалаға үн қосып, қазақ тілінің дәрежесін көтеру турасында өз пікірін білідірді.

Болашаққа қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мақаласында бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен еңсерген биіктерін тізіп өтті. Биыл тұғырлы тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Мемлекет басшысы осы 30 жылды үш онжылдыққа бөліп, әрқайсысында атқарылған миссияларды айтты. Алғашқы кезеңде мынадай ұлы оқиғалар орын алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады.

Ел аумағы ядролық қарудан толық тазартылып, Елордамыз Арқа төсіне көшірілді. Отандық кәсіпкерлердің негізі қаланып, Ұлттық қорымыз құрылды. Жастардың шетелдерде білім алып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндіктер жасалды. Ал екінші онжылдықта мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз одан әрі арта түсті.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан барлық салада үлкен жетістіктерге жетті. Экономикасы, мәдени мұрасы да. Өшкеніміз жаңғырды. Алысқа бармай-ақ өзіміздің өңірді алып қарайтын болсақ. Абылайханның ақ үйі бір кезде болды ма, болмады ма деген жаңсақ пікірлер болды. Тарихымыз зерттеліп, оны дәлелдейтін қағаз табылды.

Үшінші онжылдықта шекара мәселесі біржола шешімін тапты. «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданып, саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға да баса мән берілді. Осылайша, 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көріп, үштілділік саясаты қолға алынды.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бәрін жақсы білгенмен қазақ тілін ұмытпауымыз керек. Қазақ тілінде сөйлеп, жазу керекпіз. Біз қазақ болған соң тіліміздің дәрежесін жоғарылату бізге ғана керек.

Қазақтың жері ешқашан сатылмайды! Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында жерге қатысты алып-қашпа сөздердің нүктесін қойды. Жеріміз ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді! Алдағы уақытта Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет.

Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын.

Қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Алдағы төртінші онжылдықта сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру керектігін айтты Мемлекет басшысы.

Маржан Касымбек