Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық қабылдау өткізді

Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов кезекті рет өңір тұрғындарының сауалын тыңдады. Онлайн өткізілген қоғамдық қабылдауда аймақ басшысына 4 сұрақ келіп түсті. Соның бірі – Мағжан Жұмабаев ауданынан. Ауылдағы ағайын 1 жылдан бері өз пайымызды ала алмай отырмыз дейді. Сол үшін серіктестік басшысымен соттасуға да барыпты.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды. Табысты кәсіп бастап, көшіп келген өзге де жандарға қол ұшын созуда. Маржан Валиева – бизнесвумен. Іскер нәзікжанды елді мекендерде 10 шақты нысан ашқан. Сондай-ақ, 1 жыл бұрын Тайыншада – 7-еу, Жамбыл ауданында 3 баспана тұрғызды. Бұл тұрғын үйлердің барлығы қоныс аударушылар үшін салынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында олардан салық алынбауы керек. Бірақ, 2020 жылдың соңында Маржан салған үйлері үшін қомақты қаражат төлеуі қажет болып шығады.

Маржан Валиева – «Валиева» ЖК директоры:

– Ешқандай салық болмайды делінген. Енді биыл салынған үйлер үшін Тайынша ауданынан – 1,5 млн, Жамбыл ауданынан 600 мың теңге салық келіп тұр.

Бұл сұрақтың түйінін қос ауданның бұрынғы әкімдері де, салық басқармасының мамандары да шеше алмапты. Жауапты қызметкерлерден мардымды жауап ала алмаған нәзікжанды бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтан көмек сұрады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Маржан былтыр солтүстікке арнайы көшіп келді. Осы жердегі азаматтардың бастарын қосып, жергілікті жігіттер көтере алмаған істі өзі жасады. Бұрынғы әкімдердің өздері де уақыт таяп қалғанда жалынған шығар үй салып беріңдер деп. Сол кезде Маржанға бәрін түсіндіріп айту керек еді. Әйтпесе, қарапайым кәсіпкер оны қайдан білсін. Аудан әкімдерінен Маржанға көмектесуді сұраймын. Барлығы заңды жолмен жасалсын.

Ал Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Золотая Нива селосының тұрғындарын жер мәселесі толғандырады. Пайларын ала алмай жүрген тұрғындар серіктестіктен де шыға алмай отырмыз дейді. Николай Кинцельдің айтуынша ауыл азаматтары мен кәсіпкер 1 жылдан бері соттасып келеді.

Николай Кинцель – Золотая Нива селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Серіктестік басшысы жерден дұрыс өнім де ала алмайды. Биыл ол гектарына 1 центнерге жетер-жетпес дақыл жинады. Григорьев селолық округіндегі алқаптар 8 жылдан бері пайдаланылып келеді. Золотая Нива аумағында көптеген жерлерді қолданыссыз қалдырды. Мен сізге бұл жағдайды видеоға түсіріп жіберген болатынмын.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаева ауданының әкімі:

– Осы жолы 90-ға жуық адам өз пайларын ала алмады. Серіктестік басшысы мен есепшінің айтуынша төлемдерді үлестіру жөнінде мәселе жоқ. Сұраған адамдардың барлығына беріліп жатыр деседі. Маған ешкім келіп жүгінген жоқ дейді директор.

Құмар Ақсақалов «адамдар өздеріне тиесілі болған төлемдерді ешкімнен барып, сұрап алулары міндетті емес» – деді. Өйткені, ауыл тұрғындары жерлерін сеніп тапсырды. Сондықтан, олардың пайларын беру аграрийдің тікелей міндеті екенін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Есепші жоқ, қойма меңгерушісі кетіп қалды немесе адамдар алдын ала айтулары қажет еді деген сылтауларды айтып, тұрғындарды кінәлі қылып қоясыздар. Мәселенің шешімі кәсіпкердің қолында тұр. Тез арада адамдарға тиісті төлемдерін беруді тапсырамын. Бұл ауыл әкімі екеуіңізге ескерту болсын.

Мәселенің шешілуін облыс әкімінің аппараты өз бақылауына алды. Сондай-ақ, аймақ басшысына ұсыныс та келіп түсті. Евгений Щербатов есімді азамат облыс бюджетінің шығыстарын оңтайландыру бойынша жоба әзірлепті. Жобаның тиімділігі алдағы уақыта қаржы басқармасымен бірге талқыланатын болады.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан