МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметке тұру үшін тапсыратын тестке өзгерістер енгізілді

Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметке тұру үшін ұйымдастырылатын тесттен 400-ден астам жерлесіміз өткен. “Елдегі эпидемиялогиялық жағдайға қарамастан биыл бұл көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары”, – дейді бейінді департамент өкілдері.

Мұның басты себебі – тиісті тесттің ережелеріне бірқатар өзгерістердің енгізілуі болып отыр. Жаңашылдықтарды айта кетейік. Бұрын конкурстың өткізілу мерзімі 56 күн болса, қазір 22 күнді құрайды. Және қатысушылар өздерінің жеке құжаттарын электронды пошта арқылы жібере алатын болған. Сондай-ақ, азаматтар тестті үйден шықпай, қашықтықтан видеобайланыс арқылы тапсыра алады.

Гүлжан Жұмағазина – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Бұрын конкурсқа қатысу үшін 10-ға жуық құжат тапсырса, қазір тек өтініштері мен дипломдарының көшірмелерін өткізеді. Қалғанын комиссия шешімімен конкурс аяқталғасын жібереді. Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік қызметке тұру үшін азаматтар алдымен заңдар туралы тест тапсырады. Сынақтан сүрінбей өтсе, мамандар үміткерлердің жеке қасиеттерін тексеріп, баға береді.

 

 

 

Казиканова Алтынай