Спорт

«Qulager» ХК турнирлік кестеде 5-орынға көтерілді

Маңызды 6 ұпай қоржынға түсті. Жұма-сенбі күндері жергілікті «Qulager» хоккей клубы оңтүстікастаналық “Almaty” құрамасына қарсы екі кездесу өткізді. Тарысты матчтарда қызылжарлықтардың айы оңынан туды. Олар қарсыластарын қос матчта да бірдей есеппен тізе бүктіріп, турнирлік кестеде 5-орынға көтерілді.

Солтүстікқазақстандық хоккейшілер алғашқы минуттан-ақ фаворитке тән ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластардың қақпасына жиі шабуылдап, бірінші периодтың ортаң белінде есеп ашты. Голдың авторы – Филип Святына. Жерлестеріміз алған қарқыннан екінші кезеңде де таймады. Олар келесі жиырма минуттық бастала салысымен шайбаны қарсыластарының қақпасына дәл дарытты.

Бұдан соң, қонақтар да қарап қалмай шабуылды үдетті. Нәтижесінде жерлестеріміздің қақпасынан саңылау іздеген «Алматы» құрамасының ойыншысы Станислав Бутузов ойлағанын жүзеге асырды. Шайбамен епті қимылдап, қорғаушылардан айласын асырған ол периодтың соңында командасына 1 гол сыйлады.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Кездесу өте тартысты өтіп жатыр. Қос команда бір-біріне есе жіберер емес. Қазір таблодағы есеп – 2:1, «Құлагер» алда келе жатыр. Бірақ келесі айналымда барлығы өзгеруі мүмкін.

Айта кетейік, пандемияға байланысты кездесу көрермендерсіз өтіп жатыр. Қошеметтеп, қолпаштап отыратын жанкүйерлер болмаса да солтүстікқазақстандық хоккейшілердің бұл ойында мысы басым. Жүйелі ойластырылған тактиканың арқасында спортшыларымыз кездесу соңында тағы бір шайба соқты. Есеп – 3:1.

Ал сенбі күні қос команда арасында қарымта кездесу өтті. Бұл матч та құлагерліктердің пайдасына шешілді. Алғашқы периодта екі жақ бір-бірден шайба алмасса, соңғы кезеңде жерлестеріміз мықты атанды. Олар жауапсыз 2 гол соғып, бұл бәсекені де 3:1 есебімен тәмамдады.

Всеволод Яхонт – «Almaty» ХК қорғаушысы:

– 2 ойында да 3:1 есебімен жеңіліс таптық. Көп шабуылды аяғына дейін жеткізе алмадық. Ал құлагерліктер болса әр сәтті ұтымды пайдалана білді. Өз жанкүйерлерімізден кешірім сұраймыз. Алдағы ойындарда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Александр Троицкий – «Qulager» ХК бас жаттықтырушысы:

– Қарсыластарымыз мықты. Олар шабуылға жылдам шыға алады. Бірақ, біздің алдын ала дайындаған тактикамыз өз жемісін берді. Қос кездесуде де ойластырылған жоспардың арқасында жеңіске жеттік. Матчты көгілдір экраннан тамашалаған жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын.

Қос жеңістен кейін жергілікті хоккейшілер 19 ұпаймен турнирлік кестеде 5-ші орынға көтерілді. Келесі матч қарашаның 18-і мен 19-ы күндері Петропавлда елордалық «Номад» құрамасына қарсы өтеді.

 

 

 

Бердимурат Баймухан