МТРА жаңалықтарыАуа райы

Петропавлда автоматты метеостанция орнатылды

Петропавлда автоматты метеостанция пайда болды. Бірнеше күн бұрын ол Юбилейный ықшам ауданына орнатылды. Көпфункционалды кешен ауа райындағы өзгерістер туралы ақпаратты синоптиктерге минут сайын жолдап отырады. Осының арқасында болжамдардың дәлдігі артпақ.

Үйден шықпас бұрын телефоннан ауа райын қараймыз, СМС арқылы дабылдық ескертулерді де қабылдаймыз. Алайда, көрсеткіштердің қайдан алынатыны турасында ойлана бермейтініміз анық. Ал ақпарат көзі – мына автоматты метеостанция. Заманауи кешен былтыр алыныпты. Бұған дейін Явленкада тұрған екен. Ал өткен жұмада Петропавлға көшіріліп, шаһардың солтүстік бөлігіне орнатылды.

Саян Рамазанов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ ақпараттық-техникалық бөлімінің басшысы:

– Метеорологтар мен синоптиктерге ауа-райы болжамын нақтырақ өлшеуге көмектеседі.

Ауа температурасы, ылғалдылық, атмосфералық қысым – станция бәрін өлшейді. Тіпті жолдарда көктайғақтың бар-жоғын анықтайды. Шыр көбелек айналып тұрған мына датчиктердің арқасында желдің жылдамдығы мен бағыты бағамдалады. Мына құрылғы болса бұлттардың қандай биіктікте орналасқанын есептейді. Датчиктердің жалпы саны – 11.

Саян Рамазанов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ ақпараттық-техникалық бөлімінің басшысы: 

– “Бұл – “SVS-200” датчигі. Ол 20 километрге дейінгі көрімділікті көрсетеді және де жауын-шашынның түрін анықтайды. Қар, жаңбыр, тұман деген сияқты жауын-шашын түрлерін көреді.

Саят Ермек – тілші:

– Метеостанциядағы тағы бір құрылғы “SD-9” деп аталады. Бұл датчик қардың қалыңдығын өлшейді. Жұмыс істеу принципі мынадай: жасыл газонның үстіне қар түседі, ал құрылғы оның қалыңдығы қанша сантиметр екенін нақты есептеп шығарады. Бұл қыстың қаншалықты қарлы болғанын, сәйкесінше көктемде қызыл судан қауіптену керек пе, жоқ па – осыны анықтауға мүмкіндік береді.

Саян Рамазанов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ ақпараттық-техникалық бөлімінің басшысы:

– Ақпарат арнайы порталға жүктеледі. Көрсеткіштер әр датчиктен минут сайын жолданады.

Осылайша, синоптиктер жасайтын ауа райы болжамының сапасы мен дәлдігі біршама артады. Мамандар бұрынғыдай қолға құрылғыларын алып, өлшеуге шықпайды. Бекет үзіліссіз, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Жарық сөніп қалған жағдайда электр қуаты күн батареясынан алынады. Айта кетейік, мұндай автоматты метеостанция Петропавлда әзірге біреу-ақ. Ал облыс бойынша 5-уі орнатылған.

Саят Ермек