Құқық қорғау органдарыCOVID-19: Қазақстан

Демалыс күндері өткен рейдте СҚО бойынша 58 бұзушылық тіркелді

Петропавл шетіндегі парк-отель демалыс күндері тағы да тәртіп бұзды. Бұған дейін той-томалақ ұйымдастырғаны үшін бірнеше мәрте жазаланған “Green Park”-те бұл жолы бір емес, бірнеше іс-шара қатар өтіп жатыр екен. Мұны арнайы мониторингілік топ сенбілік рейд барысында анықтады.

Тек ақша төлеп, думандатпас бұрын демалыс күндері шектеулердің қатаңдатылғанын демалушылар ескермеген сыңайлы. Прокурорлар, полицейлер мен санитарлардан құралған топ парк отельге тексеріспен келгенде 1 емес 3 бірдей тойдың үстінен түскен.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПБ аға инспекторы:

– Демалыс орнының әкімшілігі мен той ұйымдастырушыларына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті департаментке жолданды.

Төбеден төніп тұрған індет қаупін ұмытып, сауық құрған той иелері енді 83 мыңнан, ал демалыс базасының басшылығы кезекті рет 600 мың теңгенің айыппұлын арқалайды. Алайда, бұл санкция аты шулы парк отель әкімшілігіне тоқтау болмай тұр. Тойдан табар табысы айыппұлдан артық-ау, сірә, бұған дейін де бірнеше мәрте ұсталған “Грин парк” тәртіп бұзуын доғарар емес. Ал полицейлер мен санитарлар демалыс базасының жұмысын тоқтата алмаймыз деп отыр. Бұған заң жол бермейді. Іс прокуратурада қаралып жатса керек. Сорақысы, бұл өткен сенбі-жексенбіде тіркелген жалғыз бұзушылық емес. Мониторингілік топ үйлену тойы өтіп жатқан бір коттедж бен тыйымды елемеген 2 дәмхананы анықтаған. Мамандардың айтуынша мұндай құпия сауықкештерді құзырлы органдардың назарынан жасырып қалу екіталай.

Александр Розбах – СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Кейбірі есікті іштен кілтке жауып алып, қонақтарға көліктерін басқа жерге қоюды сұрайды. Алайда, ғимараттта той-томалақтың өтіп жатқаны музыканың қатты дыбысы мен у-шудан білініп тұрады. Одан қалды, біз әлеуметтік желілерді де бақылап отырамыз. Меймандар көңіл көтеріп жатқан сәтін видеоға түсіріп, инстаграмға жарыса салып жатады. Заңбұзушыларды сол арқылы да тауып аламыз.

Саят Ермек – тілші:

 – Көңілдінің үйінде күнде мейрам, күнде той. Шектеулерге қарамастан, жерлестер думандатуын тыяр емес. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда маскасыз жүретін азаматтар да, бетперде-қолғапсыз қызмет көрсететін дүкеншілер де көп. Екі күн ішінде мониторингілік топ облыс бойынша 58 бұзушылықты тіркеген. Келесі сенбі-жексенбіде локдаунның қайта оралатынын ескерсек, бұл соңғы рейд емес.

 

 

 

 

Саят Ермек