Білім

Болашақ заңгерлер Полиция департаментінде болды

Болашақ заңгерлер / мамандықтарымен жақынырақ танысты. Жергілікті жоғарғы оқу орнының 4-курс студенттері Полиция департаментінде болды. Мұнда криминалистер білім алушыларға айғақ тауып, жалған ақшаны анықтап, саусақ іздерін сканерлеуді көрсетті.

Бұл әдеттегі лекциялардан әлдеқайда ерекше әрі қызығырақ. Болашақ заңгерлер бүгінгі сабақта қылмыс орын алған жермен егжей-тегжейлі танысуда. Мұнда полиция қызметкерлері жергілікті университет студенттерінің назарына криминалистер қолданатын техниканы ұсынды. Сондай-ақ, жастарға айғақтарды қалай іздеу қажеттігін түсіндірді. Тәртіп сақшылары жалған ақшаларды анықтаудың әдістерін де көрсетті.

Сәния Елубаева – Kozybayev University 4-курс студенті:

– Оқиға орын алған жер қатты маған әсер етті. Қылмыс іздері мен қарудың барлығы шынайы көрсетілген. Тіпті, денең тітіркенеді.

Мына құрылғы да қыз-жігіттердің назарын аудартпай қоймады. Криминалистерге аппарат ауадай қажет. Себебі, ол қылмыскердің саусақ іздерін сканерлеп, ел бойынша ортақ базаға жүктейді. Мамандар студенттерге құрылғының қалай жұмыс істейтіндігін іс жүзінде көрсетті. Мұндай сабақтар білім алушылар үшін ай сайын өткізіліп тұрады.

Еңбек Сембин – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Университетте бұрын бізде қызмет істеп, кейін отставкаға шыққан мамандар сабақ береді. Полиция департаменті мен жергілікті жоғарғы оқу орны меморандум жасасты. Осы құжатқа сәйкес, оқытушылар мен студенттер біздің полигондарға келе алады. Осылайша, болашақ мамандықтарымен жақынырақ танысып, іс жүзінде қылмыстың қалай ашылатынын көреді. Осылайша, қолдарына дипломдарын алып, ішкі істер саласына жұмысқа келгенде алдын ала дайын болады.

Оқытушылардың сөзінше, полиция департаментінде өткен практикалық сабақтан кейін студенттер теорияны жақсы меңгереді екен. Жалпы, жыл басынан мұнда 100-ден аса жас келіп, болашақ мамандықтарымен жақынырақ танысқан.

 

 

 

Эльмира Садвокасова