Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл мен Мамлютка арасындағы 29 км жол жөнделді

Петропавл мен Мамлютканы байланыстыратын 29 шақырым жол  күрделі жөндеуден кейін  биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұл бағытқа республикалық қазынадан 14 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, Мамлютка мен Жаңажол арасындағы трасса да қалыпқа келтіріліп жатыр. Жауапты мердігер нысанды халық игілігіне келесі жылы тапсырмақ. Осыған орай өңір басшысы Құмар Ақсақалов мамандармен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыс барысын байқады.

Челябі мен Новосібір аймақтарын жалғайтын тас жол өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Содан бері бұл республикалық маңызы бар учаскеге ауқымды жөндеу жұмыстар жүргізілмепті. Аталған трассамен Қызылжар, Мамлют пен Жамбыл аудандарынның тұрғындары қатынайды. Тозығы жеткен асфальт жерлестеріміздің жүріп-тұруына кедергі келтірген. 2017 жылдан бастап бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Биыл шаруаның жартысы аяқталып қалды. Мамандар бүгінде Петропавл мен Мамлютка арасындағы 29 км жолды қалыпқа келтіріп, теп-тегіс қылып асфальт төсеген.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:

– Жолдың 1-ші лоты бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі күні жол белгелерін орнатып жатырмыз.

Ал 2-ші учаскедегі жолдың ұзындығы – 31 шақырым. Қазіргі күні оның 14 км-і жөнделіп қойған. Жұмыс, әзірше, тоқтап тұр. Қазынадан қаржы бөлінген соң шаруа қайта жалғасын таппақ. 1-ші учаске биыл желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Осыған орай атқарылған шаруамен егжей-тегжейлі танысу үшін облыс әкімі Құмар Ақсақалов келіп, мамандармен жүздесті.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:

– Біз тұрған учаскені жөндеу үшін 13,7 млрд теңге бағытталды. Қазіргі күні соңғы шаруаларды тәмамдап, трассаны тапсыруға дайындап жатырмыз. Мамлюткадан Жаңажол жаққа дейінгі 31 км трассаны жөндеуге 13,1 млрд теңге бағытталады. Жалпы, биылғы құрылыс жұмыстарына 250-ден аса маман мен 141 техника жұмылдырылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жамбыл, Мамлют, Қызылжар аудандарының тұрғындары үшін бүгін өте маңызды күн. Бұл жақта шамамен 37 мыңнан астам адам тұрады. Енді олардың барлығы осы трассамен қатынайды. Жол барлық халықаралық стандарттарға сай етіліп жасалған. Сондай-ақ, бізде Петропавлға кіретін 3 маңызды жол бар. Ол Елордамыз бен Қорған, Түмен қалалары жақтан. Биыл аталған бағыттар да жөндеу көрді.

Қалыпқа келтіріліп жатқан трассаның жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырымды құрайды. Оған бағытталатын қаржы 26,7 млрд теңге. Мамандар 2-ші учаскені, яғни 31 км жолды келесі жылы пайдалануға береміз дейді.

Бердимурат Баймухан