МТРА жаңалықтары

Бескөлде жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды

Бескөл ауылында 300 орынға арналған су жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды. Заманауи технологиялармен қамтылған, білікті кадрлармен жасақталған оқу ошағымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов танысты. Аймақ басшысы жұмысын бастаған ашық әкімдікке де бас сұқты.

Енді бескөлдіктер де сағаттап кезекте тұрып, талай мемлекеттік органның табалдырығын тоздыру дегенді ұмытпақ. Қызылжар ауданының орталығында ашық әкімдік жұмысын бастады. Мұнда ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, сәулет сынды халық сұранысына аса ие бөлім мамандары 90-ға жуық қызмет түрін көрсетуде. Сондай-ақ, тұрғындар заңгердің де көмегіне тегін жүгіне алады. Ал шешімін таппай жүрген мәселе болса, аудан әкімі мен орынбасарларының кабинеті – міне. Бұл – СҚ-да ашылған 10-шы фронт-кеңсе. Жыл соңына дейін олардың саны 14-ке дейін жеткізілмек деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық мәселелер бір жерде шешілуі тиіс. Аудан деңгейіндегі сұрақтар бойынша ат терлетіп облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Егер мұндай жағдайлар кездессе, бұл азаматтың жергілікті жерде сапалы қызметке қол жеткізе алмағанын білдіреді.

Өңір жетекшісі “Парасат” мектеп-лицейіндегі музейге де оң бағасын берді. Оқу ошағындағы мұражай жуырда ғана ашылыпты. Мұнда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сипаттайтын жәдігерлерден бастап Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне дейін бар. Қысқасы, еліміздің бүкіл тарихы баяндалады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мектептегі музейлер концепциясын 2017 жылы бекіткен едік.

Аудан орталығы қазір адам танымастай өзгеруде. Жыл санап ауылдықтардың саны да артып келеді. Бескөлдің оңтүстік-шығысының өзінде ғана бүгінде 3 жарым мың адам тұрады. Мұндағы оқушылар осыған дейін ауылдың арғы шетіндегі білім ошақтарына барып оқитын. Енді мәселе шешілді. Халық игілігіне №3 Бескөл орта мектебі тапсырылды. Оқу ұясы заманауи, кең әрі барлық талап пен стандарттарға сай. Пәнді терең меңгеріп, ғылыми жұмыс жасауға барлық жағдай бар. Мәселен, 3-ші мен 11-ші сынып аралығындағы балаларға робот жасау ісін IT кабинетінде үйрену мүмкіндігі бар. Жас қолөнершілер болса, өз идеяларын шеберханада іске асыра алады. Спортқа жақын ұл-қыздарды мына спортзал да қуантпай қоймайды. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол ойна, денелерін өзге ауыл тұрғындары да шынықтыра алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сапалы білім алу үшін баланың міндетті түрде денсаулығы жақсы болуы керек. Ол үшін спортпен шұғылдануы тиіс. Осындай спортзалда спортпен неге шұғылданбасқа?

Өзгерістерге ауылдықтар дән риза. Жергілікті тұрғындар мектептің ашылуын асыға күткен болатын.

Зиягүл Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Балаларымыз осы жақын жерде мектепке баратын болды. Қаншама жасқа жұмыс табылды.

300 оқушыға арналған мектеп 3 блоктан тұрады. Мұнда 22 оқу кабинеті бар. Жаңа оқу білім ошағында балалар қазақ және орыс тілінде білім алады.

Эльмира Садвокасова