МТРА жаңалықтары

13 шілде – Ұлттық аза тұту күні

Алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған соңғы үндеуінде дәл осы деді. Бүгінде барлық күш коронавируспен күреске жұмылдырылған. Ковид-19-ға 53 мыңнан астам қазақстандық шалдықты. Өкінішке қарай, қауіпті дерттен көз жұмғандар да жоқ емес. Індеттен қайтыс болған отандастарымызды еске алу үшін 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Құдайберген Қалиев – СҚО құрметті азаматы:

– Ең бірінші жоғары температура болды, сосын жөтеле бастадым. Температурам түспегесін, жедел-жәрдем шақырттық.

Мамандардың алған тест нәтижесі, 75 жастағы Құдайберген Қалиевтің коронавирусқа шалдыққанын көрсеткен. Осылайша емін ол бірінші қалалық ауруханада жалғастырды. Індеттің белгілері алғашқы 5 күн бойы қатты сезіліпті. Кейін жағдайы түзеле бастаған. Ал, тағы бір аптадан соң дерттен құлан таза айыққан. Жерлесіміздің үйіне оралғанына 4 күн болыпты. Қазір ол 2 жұмалық карантинде. Дәрігерлермен бірлесіп ковид-19-ды жеңген қария жерлестерімізге өзінің ағалық ақыл-кеңесін айтуда.

Құдайберген Қалиев – СҚО құрметті азаматы:

–  Қазір емделіп жатқандар бар. Айтарым – дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындаңыздар.  Кейбір кезде дәрігерлер мен емделушілердің арасында түсініспеушілік орын алып жатады. Ол екі жаққа да кедергі келтіреді.

Иә, ауруханалардағы жұмыс – қауырт. Күнделікті емдеу мекемелеріне ондаған адам жеткізілуде. Бүгінде ел бойынша төсек-орындардың санын 70 пайызға арттыруға тура келді. Азаматтарға жедел көмек көрсетуге арналған 400 мобильді топ құрылды. Шілде айының соңына дейін медициналық бригадаларды 3,5 мыңға дейін жеткізу көзделген. Кадр мәселесі де қолға алынды. Запастағы ақ халаттылар дайындықтан өтіп, коронавируспен күреске әзірленуде. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті үндеуінде айтты. Мемлекет басшысы тағы бүгін-ертең елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі де шешілетіндігін де мәлімдеді.

Сәлімхан Сәбитов – облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда спекулянттар көбейіп кетті. Олар дәрі-дәрмектерді сатып алып, кейін бағасын 2 есеге өсіріп сатады. Енді олар жазаға тартылатын болады. Бүгінде ІІМ жұмысын бастады.

Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны ел бойынша 51 мыңнан асты. Індеттің таралуына тосқауыл болатын жалғыз амал – сақтық шараларын қатаң сақтау. Себебі, қауіпті дерт науқастарды талғамайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті:

– Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді.

Эльмира Садвокасова