Құқық қорғау органдары

Жұмысшы кентінде панасыздарға арналған түнеу орны жұмыс істеуде

Ыстық тамақ пен жылы төсек. Бұл – көше кезген тұрғылықты мекен жайы жоқ жандардың қыстағы жалғыз уайымы. Қақаған аязда оларға тәртіп сақшылары мен қайырымдылық ұйымдары көмекке келеді. Қазір Жұмысшы кентінде түнеу орны жұмыс істеп тұр.

Жылу құбырлары мен кәріз құдықтары. Аяз басқанда бұл жерлер қаңғыбастардың сүйікті мекеніне айналады. Алайда, солтүстіктің сарышұнақ аязынан аман қалу оңай шаруа емес. Сондықтан, полицейлер қыс басталғалы үй-күйсіз жүрген жандарды іздеу бойынша рейд ұйымдастырады. 2 күнге созылған шара барысында тәртіп сақшылары тұрғылықты мекен жайы жоқ 200 азаматты анықтапты.

Тағдыр тәлкегіне түскен жандарға арналған түнеу орны Жұмысшы кентінде жұмыс істеп тұр. Мұнда қаңғыбастарға жылы төсек ұсынылады, ыстық тамақ беріледі.

Ерлан Нұрахметов – Петропавл қалалық ПБ қабылдап-тарату орнының инспекторы:

 – Қабылдап-тарату орнының қызметкерлерімен орта есеппен 10-15 адам Петропавл қаласы әкімдігінің әлеуметтік бейімдеу орталығының түнгі орналасу бөлімшесіне күн сайын жеткізіледі. Жыл басынан бері түнгі орналасу бөлімшесінде 593 адам болған. Ішкі істер органдарының қабылдап-тарату органдарының негізгі мақсаты – тұрғылықты мекенжайылары мен құжаттары жоқ адамдарды анықтау. Оларды жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату орнына әкелінеді.

Тәртіп сақшылары рейд барысында анықталған тұлғаларды тіркеуге қойып, қылмыстық, әкімшілік істерге қатысы бар-жоқтығын тексереді.

 

Эльмира Садвокасова