МТРА жаңалықтары

Өңір судьялары өткен жылды қорытындылады

Былтыр ажырасуға өтініш берген 600 ерлі-зайыпты некелерін сақтап қалған. Бұған облысымызда іске асырылып жатқан “Отбасылық сот” жобасы септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, медиаторлардың көмегімен мыңға жуық азаматтық дау сотқа дейін шешім тапқан. Бұл туралы бүгін облыстық соттың өткен жылды қорытындылау жиынында айтылды.

Өңірімізде соңғы 12 айдың ішінде облыстағы соттармен мыңнан аса қылмыстық іс қаралыпты. Бұл аталған санаттағы істердің өткен жылдармен салыстырғанда 1,8 пайызға азайғандығын білдірсе керек.

Владимир Кириленко – облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– 803 адамға қарасты 730 сот үкімі шықты. Бұл 2018 жылға қарағанда 25,4 пайызға аз. Істі электронды форматта қарау бойынша Шал ақын ауданында біраз жұмыс атқарылған. Бұндай әдіс уақытты үнемдеп, істердің қаралу барысын тездетеді.

Сондай-ақ, облыс бойынша «Отбасылық сот» жобасы іске асырылып жатыр. Былтыр ажырасуға өтініш берген 2 мыңнан аса ерлі-зайыптының 600-ге жуығы осы жобаның арқасында отбасын сақтап қалды. Түрлі істерді қарауда жергілікті фемида өкілдері медиаторлармен де тығыз жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

Ерлан Айтжанов – облыстық соттың төрағасы:

– Облысымызда 363 медиатор бар. Жасап жатқан істері оң нәтижесін беруде. Олардың көмегімен мыңға жуық азаматтық дау сотқа дейін өз шешімін тапты.

Өз сөзінде Ерлан Айтжанов өткен жылы Мамлют ауданының ауылдық округтерінде құрылған 17 қоғамдық кеңес жайлы да айтып өтті. Бұл ұйым мүшелері түрлі мәселелерді талқылайды. Мәселен, былтыр үйлерінде алкогольдік өнім сатқан 5 адамның ісі қаралыпты. Нәтижесінде, 3 тұлға өздерінің заңсыз әрекеттерін тоқтатқан.

Ерлан Айтжанов – облыстық соттың төрағасы:

– Кеңес мүшелері ауылда ішімдікке салынған 59 адаммен түсіндіру жұмысын жүргізген. Олардың 28-іне өз еркімен ащы суға тәуелділіктен емделуге және жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілді. 24 адам наркологиялық мекемеге жөнелтілді. Бұл бастаманы басқа да аудандарда қолға алу қажет.

Жиынға қатысқан ҚР Жоғарғы Соты аппаратының басшысы Наиль Ахметзакиров солтүстікқазақстандық әріптестеріне заң үстемдігін іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Бердимурат Баймухан