Денсаулық сақтау

Бүлдіршінді ауруханаға жеткізуге құтқарушылар көмектесті

Бүгінгі күн солтүстікқазақстандық құтқарушылар үшін беймаза басталды. Іші қатты ауырған 2 жасар баланы Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылынан ата-анасы Пресновкадағы аудандық ауруханаға жеткізе алмаған. Бәріне – жолды басқан қалың қар себеп.

Кезекші бөлімге қоңырау сағат таңғы 5-тер шамасында түседі. Құтқарушылар бірден Айтуарға қаркезгіш қуатты техниканы жібереді. Ал уақыт жоғалтпасқа аудан орталығына апарар жолды трактор тазалап отырған. Жұмыла атқарылған шаруа зая кетпеді. Орта жолда күтіп тұрған жедел жәрдем көлігі аппендицит күдігімен балғынды ауруханаға алып кетті. Белгілі болғандай, қазір оның жағдайы қалыпты, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Саят Ермек