Спорт

“Солтүстік-2020” қысқы спорт мерекесі жалғасуда

Өңірде дәстүрлі “Солтүстік-2020” қысқы облыстық ойындары өтіп жатыр. 4 күн бұрын  Тимирязев ауданында жалауын желбіреткен дода  бүгін Петропавл қаласында жалғасын тапты. 13 ауданнан жиылған 26 әуесқой спортшы тізімге биыл алғаш рет қосылып отырған  тау шаңғысынан бақтарын сынады.

Әр ауданнан 2 спортшыдан қатысып жатыр. Әрқайсысына 2 мүмкіндіктен берілген. 300 метр қашықтықты кедергілерден өту арқылы бағындыру керек.

Павел Полукеев Мамлют ауданынан келген. “Солтүстік-2020” қысқы ойындарына талай рет қатысыпты, бірақ дәл тау шаңғы спортынан бағын алғаш рет сынауда.

Павел Полукеев: жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы:

– Қар біз үшін таңсық дүние емес қой. Мұндай спорт түрінің қосылғаны орынды деп ойлаймын. Өзім бала кезімнен шаңғы тептім. Бұның түк қиындығы жоқ, бастысы жақсылап жаттығу керек.

Арман Рахметов Тимирязев ауданынан келіпті. Бір рет сырғанап өткен спортшы екінші ретте жылдамдығын асыруға тырысты.

Арман Рахметов: жарысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:

 – Әзірге, жеңіс туралы айту ерте, себебі ертең 10 шақырымды еңсеруіміз керек. Жалпы, нәтиже жаман емес деген ойдамын.

Әзірге, спорттың бұл түрінен жігіттер ғана бағын сынауда. Нәтиже жақсы болса, келесі жылы әйелдер де қатыспақ.

Жалпы, дәстүрлі “Солтүстік-2020” облыстық қысқы мерекесіне биыл мыңға жуық спортшы бәсекелесуде. Ойынның финалдық кезеңінде қатысушылар шорт-трек, шаңғы спорты, шайбалы хоккей және футзалдан сынға түсетін болады. Ол ақпанның 21-і мен 23-і аралығында Тимирязев ауданында өтпек.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы