Қоғам

Қорған облысында 13 мыңдай қазақ өмір сүреді

Ресейдің Қорған облысында 13 мыңға жуық қазақ тұрады. Қандастарымыз ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруда. Сол аумақтағы халықтар ассамблеясының мүшесі Боранбай Бижігітов сырт елдегі бауырлар жайлы баяндап, олардың өмірінен сырт шертті.

Боранбай Бижігітов 1950 жылы Қорған облысындағы Макушино қаласында дүниеге келген. Қандасымыз өмірінің 50 жылын қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеуге арнаған екен. 99-шы жылы Қорған облысындағы халықтар ассамблеясында Қазақ ұлттық мәдени автономиясының құрылуына да ат салысыпты. Сонда қызмет ете жүріп салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған біраз шаралар ұйымдастырған.

Боранбай Бижігітов – Қорған облысының халықтар ассамблеясының мүшесі, РФ:

– Газеттерге қазақша мақала жаздық. Радиода аптасына 2 рет 20 минуттан қазақша жаңалық тараттық. Жылда қазақтың түрлі мерекелерін бірігіп атап өтеміз. Ет асамыз, салт-дәстүрлерімізді орындаймыз.

Қандасымыздың еңбегі еленді. Өткен жылы Қорған облысының халықтар ассамблеясының 20 жылдық мерейтойында медальмен марапатталыпты.

Боранбай Бижігітов – Қорған облысының халықтар ассамблеясының мүшесі, РФ:

 – Жастар салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымыз бен қонақжайлығымызды ұмытпаулары тиіс. Бұл – біздің асыл мұраларымыз.

Боранбай Байгенженұлы бос уақытында еңбек жазумен айналысқанды ұнатады. Бүгінде өзінің 4 кітабын шығарып үлгерген. Туындыларының басым бөлігінде Қорған облысында тұратын қазақтар жайлы баяндайды. Сондай-ақ, сол аумақта тараған рулардың шежіресін құрастырыпты. Одан бөлек, қазақтың мыңнан астам мақал-мәтелі мен бата түрлерін орыс тіліне аударған екен.

Маржан Касымбек