Құқық қорғау органдары

Қылмыстың бетін ашуда сенімді көмекші

Жоғалған адамды іздеуде, жарылғыш зат пен есірткіні табуда  ең сенімді көмекші. Былтыр өңірлік полицейлер кинологиялық орталықтағы иттердің көмегімен 22 наркоқылмыстың бетін ашып, 80 келі есірткі тәркілеген. Бүгін арна тілшілері адамның төртаяқты досы иттердің жаттығуын тамашалап қайтты.

«Белла» есімді мына ит 3 жылдан бері осы кинологиялық орталықта бағылуда. Жануар Болат Бекмағабетовке сеніп тапсырылған. Оны алғаш көрген кезде бірден көзім түсті. Күшікті қолыма алып, өзім үйреткім келді дейді маман. Айтуынша қызметтік ит пен кинологтың арасында өзіндік үйлесім болу керек. Сол кезде ғана іздеу жұмысынан жақсы нәтиже шығады.

Болат Бекмағамбетов – СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы:

– Мен Белланы 2 жылдан астам жаттықтырып келемін. Оны 6 айлық күшік кезінде алдым. Кейін бірге Алматы қаласындағы кинологиялық орталыққа барып, наркотикалық заттарды табу бойынша 2 жарым ай бойы арнайы курстан өттік. Міне, содан бері екеуіміз айырылмас дос болып кеттік. Маған талай қылмыстың бетін ашуға көмектесті.

Кинологиялық орталықта синтетикалық есірткі іздейтін 2 иісшіл ит бар. Соның бірі – осы «Белла». Ол – өз ісінің нағыз шебері. Белла кез келген наркотикалық затты оп-оңай тауып алады екен. Иттердің көмегімен былтырдың өзінде 22 наркоқылмыстың беті ашылып, 80 келі есірткі тәркіленіпті.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Қазір біз қызметші итпен бірге оның күнде істеп жүрген жаттығуын қайталамақшымыз. Менің қолымда мынадай героин иісінің имитаторы бар. Ит оны қанша уақытта тауып алады екен тексеріп көрейік.

Кинолог маман белгі берген сәтте Белла бірден банкі тығылған жәшікке ұмтылды. Ол үшін есірткі затын тауып алу еш қиын емес дейді Болат Бекмағамбетов. Өйткені, иттердің иіс сезу қабілеті адамдыкіне қарағанда мың жарым есеге артық болады екен.

Болат Бекмағамбетов – СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы:

– Біз синтетикалық есірткілердің имитаторын сатып алып, оларды қолдану арқылы іздеу жаттығуларын жасаймыз. Иттердің иіс сезу мүшесі өте жақсы дамыған. Мәселен, иттер бір рет қана иіскеген иісті 5 жыл бойы жадында сақтай алады. Біз осылай күніне 2 рет жаттығып тұрамыз.

Жалпы, кинологиялық орталықта барлығы 25 қызметтік ит бар. Олар жоғалған адамдарды іздейді, жарылғыш заттар мен есірткіні иіскеп табады.

Бердимурат Баймухан