Қоғам

Мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі жеңілдетілді

Бұдан былай өзге мемлекетте дүниеге келген Қазақстан азаматтары өз елінде туу туралы куәлік жасата алады. Сондай-ақ, өңір тұрғындары жоғалтқан кейбір куәліктерін еліміздің кез-келген аймағында іске жауапты мамандардың көмегіне жүгініп, қайта әзірлете алады. Бұл жайлы бүгін әділет департаментінің өкілдері баян етті.

Өзгерістер мен толықтырулар желтоқсан айының 8-і күні өз күшіне енді. Олардың көбісі тіркеу қызметіне байланысты. Мәселен, енді туу туралы немесе аты-жөнін ауыстыру секілді куәліктерді алу үшін еліміздің кез келген аймағында өтініш беруге болады.

Татьяна Горичева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Мәселен, сіз туу туралы куәлік, неке, аты-жөнін ауыстыру, бала асырап алу секілді құжаттарды жоғалтып алдыңыз делік. Бұрын оны қайта қалыпқа келтіру үшін сол құжатты алған мекеменің өзіне ғана барып өтініш беру керек еді. Қазір уақытта бұл жұмыс жеңілдетілді. Енді еліміздің кез келген өңіріндегі тіркеу мекемесіне жүгініп, қажетті куәлігіңізді қайта алуға мүмкіндігіңіз бар.

Бүгінде барлық мемлекеттік мекемелер электронды форматта жұмыс істеуге көшкен. Бұл шаруаның барлығы соның нәтижесінде жүйелі іске асып отыр дейді маман. Сондай-ақ, қазақстандық нәзікжандылар кейде шет елде жүріп босанып қалып жатады. Былтыр сырт мемлекетте теріскейлік 8 бала дүниеге келген. Әдетте, сәбилер қай елде туылды сол жақтың құжатын алады. Бұдан былай азаматтарымыз туу туралы куәлікті өз елінде де ала алады. Сондай-ақ, ажырасу ережелеріне де өзгеріс енгізілді.

Татьяна Горичева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Қазіргі күні сот шешімі бойынша некені бұзу жөніндегі мемлекеттік тіркеу күшін жойды. Енді азаматтық хал актісінің ақпараттық тіркеу жүйесіне сот шешімі автоматты түрде түсетін болады.

Жалпы, 2019 жылы өңірімізде 2 мыңға жуық ерлі-зайыпты ажырасқан екен.

Бердимурат Баймухан