МТРА жаңалықтары

Қала әкімінің қорытынды есептік кездесуі өтті

Бүгін Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің қорытынды есептік кездесуі өтті. 3 сағатқа созылған жиында баяндама тыңдалды, тұрғындарды толғандырған бірқатар проблема талқыланды. Жерлестеріміздің басым көпшілігі жергілікті билік өкілдеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтарын қойды. Кездесуге өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатысты.

Қорытынды есептік кездесуге халық көп жиылды. Олар ерте келіп, орын алуда, енді бірі көкейдегі сұрақтарын қағазға түсіруде. Бұл сауалдар арнайы жәшікке салынады. Осылайша қала әкіміне жетеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Жаңа кәсіпорындар ашылды, салық түсімі артты.

Көп кешікпей есептік кездесу де басталды. Инвестиция, салық, құрылыс және жолаушы тасымалы. Былтыр осы бағытта Петропавлда біраз шаруа атқарылды. Тындырылған істі Болат Жұмабеков қазақ және орыс тілдерінде қысқаша қайырып, жиынның форматын өзгертті. Кезек – сұрақ-жауапта. Микрофон алдында – қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьев. Оны бірнеше мәселе толғандырады. Әсіресе, азаматты мемлекет меншігінде болған 3 балабақшаның кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілгені алаңдатады. Бұл сұрақты қоғам белсендісі отырыстарда да, әлеуметтік желіде де жиі көтеріп жүр. Бүгін де тілге тиек етті.

Павел Афанасьев – қалалық мәслихат депутаты:

– Бұрындары бұл балабақшалардың барлығы мемлекет меншігінде болды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына үнемі қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып тұрды. Ешқандай проблема орын алмады. Орын алмаса, қалыптасқан жүйені ауыстырмай-ақ қою қажет еді ғой!?

Шынымен де балабақшалардың сенімді басқаруға берілуі қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл тақырыпта біз де бірнеше бейнематериал әзірлеп, назарларыңызға ұсынғанбыз, естеріңізде болар. Мәслихат депутатының сұрағына қала әкімі емес, облыс басшысы Құмар Ақсақалов жауап қатты. Ол кәсіпкерлердің басқаруына әдетте әлеуметтік маңызы бар нысандар, соның ішінде тек жағдайы мүшкіл мекемелер ғана беріледі деді. Ал Петропавлда керісінше, мемлекет қолдауын 100 пайыз пайдаланып отырған балабақшалар берілді. Сондықтан, өңір жетекшісі мәселенің ақ-қарасын жіті анықтауды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментіне тапсырыпты. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр екен.

Жақында тағы бір мәселе қоғамның қызу талқысына түсті. Петропавлдықтардың бір бөлігі қаладағы ескірген ағаштарды кеспеу қажет десе, екіншісі жартысы керісінше кесу керек деген ойларымен бөлісті. Бұл тақырып қорытынды есептік кездесуде де қаузалды. Ортаға шыққан бірнеше адам әр түрлі пікір білдірді. Оларға шаһар басшысы Болат Жұмабеков мынадай жауап қайырды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылдың тамызында қатты дауыл болды. Сол кезде Петропавлда 67 ағаш құлады. Кейіннен жығылған жасыл желектің барлығының ескіргендігі анықталды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Сондықтан, біз апаттық жағдайдағы ағаштарды бүгіннен анықтап, кесу қажетпіз.

Ескілерімен қатар, жас ағаштар да кесіліп жатыр. Сөз алғандар осындай базыналарын да жеткізді. Болат Жұмабеков мұнымен келіспеді. Әкім қазір істің басы-қасында арнайы мамандардың жүргендігін және жұмыстардың барлығы осы жандардың нұсқауымен ғана атқарылып жатқандығын айтты. Петропавлдықтарды автобустардың қазіргі жағдайы мен қатынайтын бағыттары да толғандырады. Олардың бірі Ойқала ықшам ауданынан Новопавловка кентіне жету үшін бір қоғамдық көліктен түсіп, екіншісіне отыратындықтарын жеткізді. Келесілері темір тұлпарлардың сапасын сынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде арнайы мамандар қаладағы автобустардың бағыттарын қарап, зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Осылайша біз шаһарға нақты қанша қоғамдық көлік қажет екендігін анықтайтын боламыз. Әйтпесе, қазір күнделікті адамдарды тасымалдауға 300-дей көлік шығады. Олардың көбі бір-біріне жақын жүреді, аялдамаға, тіпті өзара жарыса жетеді. Салдарынан жол апаты болады. Тиісті зерттеу наурыз айына дейін аяқталады. Кейін жаңа, ыңғайлы автобустар аламыз. Оған қаражат дайындап қойдық.

Ал Қанат Нұрахметованы басқа мәселе алаңдатады. Азаматша Астана көшесіндегі 11-ші үйге шатыр салынса дейді.

Қанат Нұрахметова – қала тұрғыны:

– Біздің үйдің төбесі қара қағазбен жабылған. Үйге су өтіп жатыр. 5-ші қабаттағы пәтерлерге су өткендіктен, электр сымдары күйіп жатыр.

Нәзікжандының өтініші жерде қалмайтын болды. Болат Жұмабеков мемлекет тарапынан жаңа шатыр салынатындығын айтты. Бақытжан Хамзинаны да үйдің жағдайы алаңдатады. Азаматша Иртыш көшесіндегі апаттық деп танылған қос қабатты 36-шы баспанада тұрады екен. Нысанның маңында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. “Істің қызу атқарылғаны соншалық, бір күні үй құлайды ма деп қорқамыз дейді” -, тұрғын.

Бақытжан Хамзина – қала тұрғыны:

– Ана жолы жер қазып, құбыр салғанда барлығымыз далаға атып шықтық. Терезелеріміз сынып қалды. Үйіміз салынғалы 64 жыл болыпты.

Шаһар басшысы Бақытхан Хамзинаны кездесуден соң қабылдайтын болды. Ал көпбалалы ана Махаббат Жетпісбаева 1 айдан бері мемлекеттен берілген пәтеріне кіре алмай жүр. Өйткені, баспананың іші суық, терезесінен жел үрлеп тұр. Қала әкімі өзінің орынбасары Қайрола Ғалеевке жағдайды жедел арада реттеуді және іске жауапты мердігермен тексеріс жүргізуді жүктеді. Жиында Болат Жұмабековке де тапсырма берілді. Өңір жетекшісі оң өзгерістерге тоқтала келе бірқатар бағытқа назар аудару қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл қала бюджеті 44,7 млрд теңгені құрады. Осы қаржының 30 млрд-ы облыс және республикалық қазынадан берілді. Қалған сома, яғни 14,7 млрд Петропавлға тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша біз көршілес облыс орталықтарынан қалыс қалып тұрмыз. Мәселен, 2019-да Көкшетаудың бюджеті – 18, ал Қостанайдыкі 27 млрд-ты құрады. Сондықтан, осы бағатқа көңіл бөліп, қазынаны толықтырғанымыз жөн.

Жалпы, қорытынды есептік кездесуде тұрғындардан 30-дан аса сұрақ түсті.

Байболат Култанов