Қоғам

Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне – 1150 жыл

Биыл әлемге әйгілі екінші ұстаз, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған орай “Абылай ханның резиденциясы” мұражай кешенінде мектеп оқушыларына арналып тағылымды шара ұйымдастырылды. Жиында педагогтар мен мәдени ошақтың мамандары / ойшылдың өмірі мен ғылыми еңбектеріне тоқталды.

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Отырар қаласының маңында дүниеге келген. Бұрын ол жер Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болған. әл-Фараби бала кезінен-ақ білімге құштар болып өседі. Небәрі 12-16 жас шамасында Бағдатқа саяхат жасап, сол жақтың мәдениетімен жіті танысыпты. Ұлы ойшыл – социология, математика, физика және астрономия ғылымдарын меңгерген.

Күлімкөз Смаилова – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің директоры:

– Абай Құнанбаев әл-Фарабиді толық адам деп айтқан. Өйткені, ол адами құндылықтарға баса көңіл аударған.

әл-Фараби өзінің асқан ақылдылығымен әлемге әйгілі Аристотельден кейінгі 2-ші ұстаз атанады. Тарихи деректерге сүйенсек, ол 70-ке жуық тілді білген екен. Бүгінде оның 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаты сақталған.

Күлімкөз Смаилова – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің директоры:

– әл-Фарабидің “Мейірімді қала” атты трактаты бар. Сондағы секілді біздің де Отанымыз халықтардың ұлттық құндылықтарын сақтағаны үшін қайырымды ел деп атауға болады.

Биыл ұлы ғұламаның дүниеге келгеніне – 1150 жыл. Осыған орай «әл-Фараби» мектеп-лицейінің педагогтары ойшылдың өмірі мен ғылыми еңбектерін дәріптеуге арналған шаралар легін жалғастыра бермек.

Маржан Қасымбек