Құқық қорғау органдары

«Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы

Қазіргі күні ел бойынша «Қауіпсіз мектеп автобусы» атты акция өтіп жатыр. Ақпанның 15-ші жұлдызына дейін жалғасатын шарада  тәртіп сақшылары оқу ошақтарына бас сұғып, оқушыларды тасымалдауға арналған көліктердің жағдайын байқайды. Жүргізушілермен тілдесіп, құжаттарын тексереді, арнайы нұсқама береді. Мұндай акция Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінде де ұйымдастырылды.

Мына бөлмеде республикалық «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы аясында тәрбие сағаты өтіп жатыр. Мұнда бастауыш сынып оқушыларына жол белгілері түсіндірілуде. Ортада – білікті маман. Ол арасында қандай таңба көрсетіп тұрғандығын сұрап та қояды. Ұл-қыздар кідірмей, мүдірмей жауап қатады. Біразы белгілердің сан түрін біледі екен.

–  Мен көп белгі білемін. Оларды мектепте үйретті.

– Мен біраз белгіні білемін. Бірақ, кейбірін дұрыс білмеймін. Оларды біліп аламын.

Жалпы, бүгінгі күні Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінде 502 бала оқиды. Шәкірттердің 100-ден астамы елді мекеннің шет жағында тұрады екен. Олардың бір бөлігін сабаққа ата-аналары әкелсе, екінші жартысы оқу ошағының автобусы арқылы тегін қатынайды. Ұл-қыздарға жолда жүру ережелері, белгілер жіті түсіндіріліпті.

Сағат Елеукина – “Парасат” мектеп-лицейінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Тәртіп өте сақталған. Әлеуметтік ұстаз бен класс жетекшілері автобусқа шығарып салады. Автобус 25-37 адамға шақталған. Бізде күн сайын 32-34 бала қатынайды.

Тәртіп сақшылары оқушылардың тасымалдайтын автобустың техникалық талаптарға сәйкестігін тексерді. Тиісті құрал-жабдықтардың бар-жоғына көз жеткізді. Жүргізушімен де тілдесті.

Құжаттар – орнында, барлығы ережеге сай. Полицейлер жүргізушіге автобуспен оқушыларды тасымалдауға болады деді.

Жанболат Әділов – Қызылжар аудандық ПБ жол және техника инспекциясы тобының мемлекеттік инспекторы:

– Медициналық қобдишалар – орнында, өртке қарсы құрылғылар бар. Барлығы тексерілді.02:31 Бұл әрі қарай да жалғасын табады. Тексерістер өткізіледі.

Көп ұзамай балалардың сабақтары аяқталды. Шет жақта тұратын оқушылар автобусқа мініп жатыр. Оларға көлікпен қатынаған ұнайды екен.

–  Автобус таңертен алып кетеді, кешке әкеледі. Автобус жақсы. Мұнда достармен сөйлесіп, ойнаймыз.

– Автобуспен барған өте көңілді және ол бізді уақытында әкеліп тастайды.

Қазіргі күні облыста 1200-ге жуық оқушы сабақтарына мектеп автобусымен барып жүр. Бұл іске 125 көлік тартылған. Олардың барлығы «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясында тексерілмек. Тағы, аталған республикалық шара аясында тәрбие сағаттары, суреттер байқауы өтеді және эссе жазылады.

Култанов Байболат