Денсаулық сақтау

“Айна-көз” көз орталығында – жаңа қондырғы

Жылдам, нақты әрі сапалы. “Айна-көз” көз орталығына жаңа «Centurion» атты қондырғы жеткізілді. Мамандардың сөзінше, бұл – теңдесі жоқ аппарат. Оның елімізде тек 10-ға жуық данасы бар екен. Бүгінде жергілікті дәрігерлер «Centurion»-ның көмегімен 100-ге жуық ота жасаған.

Катаракта кезінде сәуленің көз бұршағына өтуі қиындайды, тағы көздің көру қабілеті кемиді. Ол қарттық шақта, қандай да бір жарақат алғанда немесе белгілі бір аурудың асқынуынан туындайтын көрінеді. Яғни, бұл дерт туа және жүре пайда болады.

Бастапқы кезеңде оны дәрі-дәрмекпен емдеуге болады, ал асқынып кетсе, хирургиялық әдіс қолданылады. Осы орайда мамандар заманауи қондырғыларға жүгінеді. Бүгінде арнайы жаңа апараттар пайда болып, олардың мүмкіндіктері де артып келеді. Мәселен, мынау – «Айна-көз» көз орталығына қаңтар айының басында ғана жеткізілген «Centurion» атты қондырғы. Бұл АҚШ-та жасалған. Дәрігерлер оның көмегімен микро кесу жасау арқылы көздің мөлдір қабығын ауыстырады және ешқандай тігіс қалдырмайды.

Сергей Бородкин – дәрігер-офтальмолог:

– Алдымен науқастың көзіне екі рет жансыздандыру дәрісін егеміз. Кейін, қондырғыға көзге арналған сұйықтық орналастырылып, «Рукоятка» деген құрал жалғанады. Отаның негізгі бөлігін «Centurion»-ның өзі жасайды. Хирург жұмыс барысын микроскоп арқылы бақылап тұрады.

Бұл қондырғының өзгелерден артықшылығы – көздің ішкі қысымын қадағалай алуы. Негізі, отаны жасау үшін 10-15 минут уақыт кетеді. Дәрігерлер бүгін 12 науқасты қабылдапты. Соның бірі – Николай Зинин. 70 жастағы қарияның оң жақ көзіне ота жасалды. Оның көру қабілеті осыдан 3 жыл бұрын нашарлаған екен.

Николай Зинин:

– Бұрын оң көзім нашар көретін. Уақыт өте ол асқынып, мүлдем көрмей қалды. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлер отадан кейін екі сағаттай қозғалыссыз жатсын деді. Негізі, мұндай жаңа қондырғының мүмкіндіктері туралы таныстарымнан естіп едім. Ойлана келе көзіме ота жасатуға мен де келістім.

Жалпы, ақ халаттылардың сөзінше «Centurion» – теңдесі жоқ қондырғы. Аппарат орталықта пайда болғалы бері мамандар 100-ге жуық ота жасапты.

Актолкын Солтанханкызы