Қоғам

Табиғи монополияларды реттеу департаменті қоғамдық қабылдау өткізді

Бүгін Табиғи монополияларды реттеу департаменті қоғамдық қабылдау өткізді. Іс-шараға бірнеше адам келіп, өздерін толғандырған сұрақтарды жауапты мамандарға қойды. Сауалдардың басым көпшілігі “Севказэнергосбыт” серіктестігінің өкілдеріне жолданды.

Бұл жерде табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері қоғамдық қабылдау өткізіп жатыр. Келушілердің саны аз. Себебі, бүгін жұмыс күні. Адамдардың басым бөлігі қызметте. Дегенмен, бірен-сараң келгендер болды. Арасында Гүлнәр Серікова да бар. Нәзікжанды “Севказэнергосбыт” серіктестігінің өкілдеріне толғандырған сұрағын қойды.

Гүлнәр Серікова – қала тұрғыны:

– Мен Жәлел Қизатов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Бізде ақылды есептеу құралы бар. Үйдің бірінші қабатында дүкендер орналасқан. Олар тәулік бойы жұмыс істейді әрі электр қуатын әлдеқайда көбірек тұтынады. Менің сұрайын дегенім, бір нысандағы 2 тарап жарықтың құнын бір тарифпен төлей ме?

Гүлнәр Серікованы толғандырған сұраққа “Севказэнергосбыт” серіктестігінің басқарма басшысы Галина Литвиненко жауап берді.

Галина Литвиненко – “Севказэнергосбыт” ЖШС басқарма басшысы:

– Жалпы, заңды тұлға қарапайым тұтынушылар сияқты электр энергиясының құнын толығымен төлейді. Ешкім шектен тыс шығындалып отырған жоқ. Бәрі заңды түрде.

Жылу, су, электр энергиясы тақырыбы әр тұрғынды толғандырмай қоймайды. Жерлестеріміз кәсіпорын өкілдерімен кездесуді пайдалана отыра толғандырған сұрақтарын жаудырды. Мамандар өз кезектерінде мардымды жауап беруге тырысты. Айта кетейік, табиғи монополияларды реттеу департаменті осындай қоғамдық қабылдауларды әр айдың басында өткізіп тұрмақ.

Дана  Ешкенова