Спорт

Әскерилер арасындағы өңірлік қысқы Президенттік көпсайыс

Мықтылар, мергендер мен жүйріктер. Облыс орталығында әскерилер арасында қысқы Президенттік көпсайыстан өңірлік турнир басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар 3 күн бойы спорттың 4 түрінен күш сынасады. Бүгін сарбаздар пневматикалық винтовкамен нысана көздеді.

Отан қорғаушылар пневматикалық винтовкамен нысананы көздеуде. Атқан оғы мүлт кетпегендер ғана сайыстың сұрмергені атанады.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Қатысушыға 20 минут уақыт беріледі. Осы аралықта нысанаға дәл тиіп максималды 100 ұпай атып алу қажет. Денені қозғалтпай нысананы тура көздей алу үшін аз уақыт демді ұстап тұрып, шүріппені басады.

Жігіттер осындай атуға арналған матасы қалың костюм киіп алады екен. Айтуларынша мұндай форма мергеннің тұла бойын теңселтпей, бірқалыпты нығыз ұстайды. Мұнда ең маңыздысы – байсалдылық қажет. Сол кезде ғана көздеген нүктеге дөп тигізуге болады.

Қазір жерлесіміз Алмаз Ақмағамбетов қолына мылтығын алды. 37 жастағы азамат қысқы Президенттік көпсайысқа 7 жылдан бері қатысып жүр екен.

Алмаз Ақмағамбетов – ҚР ҰҰ №6637 әскери бөлімінің әскери қызметшісі:

– Бұл адамды сабырлы болуға үйретеді. Өйткені, көздеген кезде артық қимыл жасамай, демді ішке тартып барып ату қажет.

Сайысқа ел бойынша 8 команда қатысып жатыр. Барлығы – 64 қатысушы. Олар – әскери қызметшілер, сарбаздар мен офицерлік құрам.

Нұрбол Миртаев – ҚР ҰҰ «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:

– Бұл – аймақтық турнир. Бүгін өңіріміздің сарбаздарын республикалық жарысқа дайындап жатырмыз.

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты турнир 3 күнге жалғасады. Ертең Отан қорғаушылар гір тасын көтеруден күш сынасса, арғы күні 5 шақырым қашықтыққа шаңғымен жарысады. Байрақты бәсекеде топ жарған құрама ақпанның 17-сі мен 21-сі күндері аралығында Павлодар қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады.

Бердімұрат Баймұқан