МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметкерлер ЕС-164/1 мекесінде болды

Шендімен де, шенеунікпен де темір тордың ар жағында тілдестік! Үрейленудің еш қажеті жоқ. Басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары Заречный кентіндегі ЕС-164/1 мекемесінде болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу. Яғни, заң бұзғандарды ұстау жағдайларымен таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

Жолаушылар автобусы тоқтап, бір топ адам адымдап келеді. Бұл – басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары. Осы жолы мемлекеттік қызметшілер қандай да бір жиынға емес, Заречный кентіндегі ЕС-164/1 мекемесіне келді. Кіреберісте сақшы тұр. Барлығын жіті тексереді. Артық зат, жазылған хат алып өтуге болмайды.

Ит үреді, дүрсілдейді жүрек, сақшы жүреді! Іште – басқа өмір, биік қоршау, тор, барлығы – назарда. Алдымен мемлекеттік қызметкерлер мекеменің ас блогына бас сұқты. Мұнда ұзын дәлізбен өтіп, ішкі жағдайды көрді. Кейін, камераларды аралады. 4 қабырға, темір кереует. Үстелде – кітаптар, шахмат тақтасы мен тағы басқа дүниелер жатыр. Адам жаза басса, осылар ғана ермек болады. “Ашық аспан астында серуендеу”. Серуендеу деген жай аты ғана. Құқық бұзғандар күніне 1,5 сағатқа дейін мына жерге әкелініп, таза ауа жұта алады. Ал жасыл есіктің ар жағында сот шешімін күткен – күдіктілер. Жемқорлыққа жол берген шенеуніктер де дәл осылай отырады. Міне, іс-шараның басты мақсаты – осы. Мемлекеттік қызметкерлерге заңның ала жібін аттаған жандарды ұстау жағдайларымен таныстыру. Осылайша бармақ басты, көз қыстылықты тыю.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

–  Түзету мекемесіндегі жағдай адамға психологиялық тұрғыда әсер етеді. Өйткені, ұрлық түбі – қорлық дейді. Кейбір жандар ұрлап жатып, мені ұстамайды, кінәм дәлелденбейді деп ойлайды. Бірақ, олар мынандай жағдайдан кейін ойланады.

Мекемені аралап болған соң, 20-дан аса мемлекеттік қызметші мына бөлмеге жиылды. Мұнда шағын лекция өтіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Ерлан Баянғазин қазір айран ішкен құтылып, тек шелек жалаған тұтылып емес, барлығы да тиісті жазасын алатындығын жеткізді. Баяндама жасалды. Онда соңғы жасалған заңбұзушылық туралы айтылды.

Жақында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы және осы басқарманың бөлім басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Олар 650 мың теңгені қалтаған басқан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жиыннан соң мемлекеттік қызметшілерден сұхбат алуға тырыстық. Көбі алған әсерімен бөліскісі келмеді. Тек денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев қана тілшілермен тілдесті.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өзім осындай жерге бірінші рет келіп тұрмын. Бұл жер жақсы әсер қалдырмады. Заңға қайшы әрекет біреулердің ойында болса, ойын өзгертетін шығар.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мұндай шара өңірімізде алғаш рет өтіп отыр.

Байболат  Култанов