Қоғам

Өңірде “Біз біргеміз” атты акция өтуде

Біз біргеміз! Елімізде осындай атаумен мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында акция өткізіліп жатыр. Челленджді “Jas Otan” жастар қанатының жергілікті белсенділері де қолдап, қаладағы жалғыз тұратын қарияларға көмектесіп жүр. Зейнеткерлердің үйлерінің маңын қардан тазалап, отын мен суын тасып беруде.

Өңірде биыл аязды күндер аз болғанымен, қар жылдағыдан көп түсті. Галина Сидоренконың жасы 66-да. Қызы біраз жыл бұрын тұрмыс құрып, ұядан ұшқаннан бері жалғыз тұрады. Зейнеткер баспана маңындағы ақ ұлпаны тазалауға бір өзінің күші жетпегендіктен белсенді кейінгі буынды жәрдемге шақырған. Галина Сидоренкоға жүрегі мейірімге толы жастар келіп, көмек қолын созуда.

Зейнеткер де қарап тұрмай бағыт-бағдар беріп жүр. Жүздерінде – күлкі, ал қолдарына күрек ұстаған жастар қарды құлшыныспен тазалап жатыр.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Игі істен мен де құр қаламын ба? Шыны керек, қолыма күректі күнде ала бермеймін. Десе де, бос тұрмай қолғабыс етпекке қар тазалауды шештім.

Қолым қабарып, шаршап қалған түгі де жоқ. Есесіне, қарияның батасын алып, ризашылығына бөлендік.
Айта кеткен жөн, қаланың өзінде мыңнан астам зейнеткер жалғыз тұрады. Мұндай жандарға қыста қолғабыс ету мақсатында «Jas Otan» жастары қаңтардың басынан бастап “Біз біргеміз” республикалық акциясын өткізіп жатыр. Бозбала-бойжеткендер қар тазалап, отын мен су тасуға көмектесіп жүр.

Әкімжан ТӨЛЕБАЙ – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ мүшесі:

– Тұрғындар бізде инстаграмдағы парақшамызға көмек сұрап жазады. Сол жандарды мекенжайын біліп, көмектесуге барамыз.

«Біз біргеміз» акциясы ақпанның айының соңына дейін жалғаспақ.

Маржан Қасымбек