Мәдениет

Бард-әншілер бас қосты

Әуезді ән мен күмбірлеген гитара. Бүгін облыстық кітапханада бард-әншілер бас қосты. Талантты жандар көпшілікке танымал өздерінің төл туындыларын шырқап, қошеметке бөленді. Шараға жергілікті өнерпаздар ғана емес, алматылық қонақтар да қатысты.

Владимир Селиванов гитараны алғаш рет қолына 13 жасында алыпты. Содан бері жанынан бір елі тастамаған емес. Өнерлі жанның арнайы музыкалық білімі жоқ. Дегенмен, ол аспаптың құлағында ойнайды, ән де, шығарманың сөзін де жазады. Бүгінде талантты жерлесіміз – ондаған туындының авторы.

Владимир Селиванов – автор-орындаушы:

– Туындының мәтінін жазып, оған сай келетін әуен ойлап табу оңай жұмыс емес. Оған шабыт керек. Ал ойда-жоқта туындаған идеяны жүзеге асыруда, әрине көңіл күй де маңызды рөл атқарады. Негізінен, менің шығармаларым сезімге толы.

Кейін ортаға қонақ өнерпаздар шықты. Сахнада – оңтүстік астанадан келген “Северный ветер” дуэті. Екеуінің де жоғары білімдері бар. Қос ғашықты бір топқа тоғыстырған осы музыка екен. Алматылық өнерпаздар орындайтын әндерді гитарашы Эдуард Двухименный жазады. Туындыларының басым көпшілігі жанындағы серігі, сүйіктісіне арналған. Бұл жұп Петропавлға алғаш рет келіп отыр.

Эдуард Двухименный – “Северный ветер” дуэтінің мүшесі, Алматы қаласы:

– Петропавлға өзіміздің жеке кешімізді өткізу үшін келдік. Өзіміздің белгілі бір туындыларымызды және өзге де авторлардың әндерін шырқаймыз. Концерт алдында жергілікті бард әншілермен кездесіп, көпшілік алдында өнер көрсетуді жөн деп таптық. Өнеріміз жұртшылықтың көңілінен шықтық деп ойлаймыз.

Жиналғандар гитараның сүйемелдеуімен шырқалған әндерді ғана емес, оқылған өлеңдерді де тыңдады. Жүрек тебірентер туындыларды жергілікті “Здравствуйте, люди” атты ақындар клубының мүшелері оқыды. Бүгінде 40 жылдық тарихы бар клубтың құрамында 150-ге жуық адам бар.

Актолкын Солтанханкызы