Аптадағы маңызды жаңалықтар

Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді тіркеу

Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылсын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма жүктеді.

Он мыңдаған қазақстандық жүргізуші Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автокөлік әкеліп, оны тиісті тіркеуден өткізбеген. Содан салық төлемеген, ал жол ережесін бұзған жағдайда полицейлердің құрығына түспей келіпті. Осы ретте ІІМ бұған тоқсауыл қою туралы бастама көтеріп еді, бірақ ол көпшілік тарапынан қолдау таппады.

Армения мен Қырғызстаннан сатып алынған автокөліктердің құжаттарын реттеу үшін жүргізушілерге берілген уақыт жуырда ұзартылды. Шетелдік көлік иелері кедендік баж салығын төлеп, өз темір тұлпарын елімізде біржола тіркеуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бас прокуратураға жағдайды бағамдап, құқықтық баға беруді тапсырамын. Үкімет бір ай ішінде біржолғы тәртіпте 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтары ЕАЭО елдерінен жеке пайдалану үшін әкелген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл автокөліктердің тіркеуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады.

Эльмира Садвокасова