МТРА жаңалықтары

200 теңгелік монета айналымға шықты

Ұлттық банк бүгін жаңа 200 теңгелік монеталарды жаппай айналымға шығарды. Оның дизайны өзге тиыннан алысқа кетпеген, дегенмен көлемі үлкендеу. Қағаз 200-дік тез ескіреді, ал монетаның ғұмыры ұзақ. Өзгерістерді мамандар осылай түсіндіріп отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Ерте ме, кеш пе, көзіміз үйренген бұл банкнота айналымнан толықтай шығады. Оның орнын, халықтың тілімен айтқанда, күміс 200-дік баспақ. Қазақстанның Теңге сарайы оны жасап шығарды, ал Ұлттық банк бүгін, яғни қаңтардың 28-і айналымға енгізді. Жаңа монета қандай екен? Қазір көреміз!

Көз салдық, ұстап көрдік. Алғашқы ой – кескіні жүз теңгелікке келеді ме, қалай? Бірақ, айырмашылықтар көп, өте көп.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ бөлім басшысы:

– Сыртқы сақинасы нейзИльберден жасалған. Бұл – мыс, никель мен мырыштың қоспасы. Ал ішкі дискісі – никельді жезден құйылған. Қырында 16 ойық бар. Артқы жағында – Елтаңба мен “Қазақстан Республикасы” деген жазу және монетаның соғылған жылы, ал бет жағында номиналы белгіленген.

Қазақы ою-өрнек пен көлеңкелі көлденең жолақтар да көзге ілігеді. Жаңа екі жүз теңгелік – көлемі ең үлкен монета. Диаметрі – 26 мм. Бұл жүз теңгеліктің ауқымынан 1 жарым мм-ге көп, салыстыра беріңіз. Салмағы да ауырлау енді – 7,5 грамм. Яғни, осындай 5-6 монетаны салсаңыз, әмиян ауырлайды.

Саят Ермек – тілші:

– 200 теңгені қағаздан монетаға алмастырудың қандай қажеті бар деген заңды сауал туындайды. Түсіндіреміз! Мысал қарапайым – автобуста жолақыны жиі 200 теңгелікпен төлеп жатамыз, дүкеннен нан не басқа да ұсақ-түйек алғанда да көбіне 200 теңгемен есеп айырысамыз, яки бұл банкнота басқаларына қарағанда айналымда жиірек, салдарынан 1-1,5 жылдың ішінде ескіріп, жыртылып жатады. Ал монета 15-20 жыл қалтқысыз қызмет етеді.

Жаңа шақа айналымға шыққанымен, әлі таралып үлгерген жоқ. Бұған сәл уақыт керек. Сондықтан, көпшілік оны әлі көрмеді. Біз суретін ұсындық, пікір сұрадық. Сонымен, жұрт не дейді?

– Очень красивая монета, чем-то на 100 тенге похожа, только цвета наоборот.
– Сыртқы келбетіне қарасақ, әдемі болып көрінеді, 100 теңгелік сияқты. Жай қағаздан жасағанша, монета дұрыс деп ойлаймын.
– Дизайны әдемі, сөз жоқ. Бірақ, қағаз 200-дікті терминалға жиі салушы едім, енді қалай болады? Ал негізі 200 теңгелік тез ескіріп, шүберектей болып қалады, ал металдың аты металл.

Айту міндет: 200 теңгелік банкноттар баяғыша төлем құралы болып қала бермек. Олар бірте-бірте тозығы жетіп, жарамыз болып қалғанда ғана айналымнан шығады.

Саят Ермек