Спорт

5 жастағы Айлана Ескендір шахматтан қос медаль еншіледі

Бір күміс, бір қола. 5 жастағы Айлана Ескендір шахматтан өткен ел чемпионатында қос медаль еншіледі. Байрақты бәсекеде кішкентай жерлесіміз 20-ға жуық жас шахматиспен сынға түскен.

Айлана Ескендір 5 жаста. Кішкентай арудың шахматпен айналысып жүргеніне 9 ай ғана болған. Дегенмен, қаңтардың 5-і мен 17-сі аралығында Алматы қаласында өткен республикалық чемпионатта жүлдегер атаныпты. Айлана жедел шахматтан 9 кездесу өткізіп, 7-уін жеңген. Ал блиц шахматтан 9-дың 8-ін ұтыпты. Сөйтіп, ол бір күміс, бір қола алқа тағынған.

Айлана Ескендір – шахматтан ел чемпионатының жүлдегері:

– Қарсыластарымның барлығы мықты болды деп айта алмаймын. Алматылық шахматиспен өткен кездесу ең қиыны болды. Екі ойында да мен оған есе жіберіп алдым. Ол Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

Негізі, республикалық чемпионатта еліміздің түкпір-түкпірінен 950-ге жуық шахматист қатысқан. Ал өңіріміздің намысын 12 жас қорғапты.Айланаға бұл ойынның қыр-сырын үйреткен әкесі Арслан Ескендіров екен. Бүгінде азамат спорттың шахматқа қызығушылығы бар 5 пен 18 жас аралығындағы ұл-қыздар үшін арнайы мектеп ашып отыр. Қазір мұнда 100-ге жуық бала тәлім алады .

Арслан Ескендіров – “Зияткер” шахмат мектебінің жетекшісі:

– Негізі, шахматта разрядтар әр түрлі болады. Бізде 4-шісі ең төмені, ал 1-шісі – жоғарғы разряд. Мектебімізде 1-разрядқа ие болып отырған жалғыз бала бар. Ол небәрі 15 жаста. Енді жеткіншек өзгелерді жаттықтыра алады. Бұрын өңірімізде спорттың бұл түріне қызығушылық танытатын жандардың саны аз болған. Қазір келушілердің саны күннен-күнге артып келеді.

Бүгінде ұл-қыздар наурыз айында Алматыда өтетін республикалық чемпионатқа дайындық үстінде. Оған өңірімізден 6 мен 18 жас аралығындағы 18 шахматист қатыспақ.

Ақтолқын Солтанханқызы