Мәдениет

Қытайлық Жаңа жыл

15 күнге созылатын мереке. Аспан асты елі Жаңа жылды екі апта бойы тойлайды екен. Қытай күнтізбесі бойынша ол ертең, яғни қаңтардың 25-і бастау алады. Бүгін түнде Аспан асты елінің тұрғындары тұшпара жасайды. Бұл – мейрамның алғашқы дәстүрі. 100 жылдық тарихы бар Жаңа жылды қытайлықтармен бірге жерлесіміз де қарсы алыпты.

Бүгінде барша әлем тұрғындары 2019-ды қортындылап, 2020-ға аяқ басты. Алға қойған мақсаттарын да жүзеге асырып жатыр. Ал, қытайлықтар үшін тышқан жылы әлі басталған да жоқ. Аспан асты елінің халқы оны бүгін түнде қарсы алмақ. Көктем мерекесіне дайындықты жұртшылық екі апта бұрын бастайды екен. Шаһарларда ығы-жығы халық. Өзге қалаларда жұмыс істейтін жандар екі-үш күн бұрын шаруаларын тәмамдап, отбасыларына оралады. Бұл – нағыз жанұялық мереке дейді Диана Искакова. Бұл мейрам жөнінде жерлесіміз жақсы білетін көрінеді. Қытайдағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған ол қазір сондағы компаниялардың бірінде еңбектенеді.

Диана Искакова:

– Қытайда Жаңа жылды қарсы алудың ең бірінші дәстүрі – ол тұшпара жасау. Бұл іске отбасының барлық мүшелері тартылады. Тұшпараның біреуіне олар тиын салады. Ол кімге түссе, 2020-да дәл сол адамның жолы болады деп есептеледі. Негізі, бұл күні далада жұртшылықты кездестірмейсіздер. Себебі, барлығы өз үйлерінде, жанұяларының ортасында қарсы алады. Екінші күні әулеттерінің үлкендеріне барады. Кейін туыстарын аралайды.

Қытайда Жаңа жылды тойлау тура 15 күнге созылады екен. Ең қызығы да – сол 15-ші күн. Туыстарымен кездесіп, достарымен жүздескеннен кейін, халық алаңдарға шығады. Күндіз – петарда, түнде отшашу атады. Барлық шаһарлар көз тартар қызыл түске боялады. Бұл мерекенің нышаны дейді Мұрат Тоқтар. Азамат Аспан асты елінде туып-өскен, ал 2002 жылы Атажұртқа оралыпты. Айтуынша, қытайлықтар үшін Көктем мерекесі қаңтардың 1-і келетін мейрамнан да артық. Қазақ халқы Наурызды қалай қарсы алса, көрші мемлекет тұрғындары да сондай сән-салтанатпен атап өтеді екен.

Мұрат Тоқтар – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агрономия мен орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі:

– Көктем мерекесі кезінде қытайлықтар үйлерінің босағасына қызыл түсті мата іледі. Бұл – мейрамның символы. Матаға тілектерін жазады.

Көшелерде айдаһарлардың бейнесін де жиі кездестіруге болады. Ал түрлі-түсті шамдар ілінген шырша ағашын Аспан асты елінде көрмейсіз. Оның рөлін мандарин ағаштары атқарады. Ал жемісін қонаққа барғанда үй иесіне беру – міндет. Екеуін әкеліп, екеуін әкетеді екенсіз. Бұл ырыс, молшылық пен байлықты білдіреді.

Эльмира Садвокасова