Денсаулық сақтау

МӘМС жүйесінің артықшылықтары

Қымбат тұратын диагностикалық зерттеулер қолжетімді болды. Бүгін қала тұрғыны магнитті-резонансты томографиядан тегін өтті. Бұрындары аталған қызмет түрі ақылы түрде көрсетілген. Мұның барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аясында мүмкін болып отыр.

Сергей Чиж таң атпай медициналық диагностикалық орталыққа келді. Қазір өз кезегін күтіп отыр. Бірер минуттан кейін азамат магнитті-резонансты томографиядан өтпек. Көптен бері омыртқасы мазалап жүр екен. Бұған дейін осы әдіс арқылы 2007 жылы тексеріліпті. Сол кезде Сергей Чиж аталған процедурадан өту үшін 15 мың теңгедей ақша төлепті. Ал қазіргі таңда бұл қызмет 17 мың теңге тұрады. Бірақ, жерлесіміз қымбат зерттеуден тегін өтеді. Өйткені, орталыққа медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүгініп отыр.

Сергей Чиж – қала тұрғыны:

– Ең алдымен өзім тіркелген емханаға бардым. Ондағы невропатолог мені тексеріп, магнитті-резонансты томографиядан өту керектігін айтты. Мен медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелгенмін. Сол себепті, дәрігер маған медициналық диагностикалық орталығына жолдама жазып берді. Яғни, аталған процедура орталықта маған тегін жасалады.

Жалпы, біздің өңірімізде магнитті-резонансты томография жасау қызметі үш ұйымда ғана көрсетіледі. Атап айтатын болсақ, облыстық ауруханада, “Medical Forte” мекемесінде және “Vesnet Talgar” орталығында. Аталған ұйымдардың барлығы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім шарт жасасқан болатын. Яғни, сақтандырылған қалалықтармен қатар ауыл тұрғындары да осы емдеу орындарында томографиядан тегін өте ала алады.

Станислав Гиричев – медициналық диагностикалық орталығының бас дәрігері:

– Бүгін біздің медициналық орталығымызға сақтандыру жүйесі арқылы алғашқы пациенттер келді. Олардың барлығы компьютерлік томографтан тегін өтетін болады. Компьютерлік томография, әзірге, бізде миға, буындарға және омыртқаға жасалады. Бірақ, алдағы уақытта тағы бір осындай кабинет ашпақпыз. Онда жаңадан заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, басқа да ағза мүшелерін тегін толыққанды тексеруге мүмкіндік болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздің барлық азаматтары медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді тегін пайдалана алады. Бұл тұрғындардың жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын көріп-білуі үшін жасалып отыр екен. Ал сәуірдің бірінен бастап қордың аясындағы медициналық қызметті толық пайдаланғысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлімінің бас сарапшысы:

– Біздің облысымызда Әлуметтік медициналық сақтандыру филиалы 40 емдеу ұйыммен келісім шартқа отырған. Оның ішінде 15-і жеке меншік орталықтар. Әр сақтандырылған азамат тіркелген ауруханасынан жолдама алса, кез келген жеке орталықтарда да қарала алады.

Естеріңізге сала кетейік, егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толық ақпарат алғыңыз келсе 1406 нөміріне тегін хабарласып, толғандырған сұрақтарға жауап алуға болады.

Байболат Бектемірұлы