Құқық қорғау органдары

Есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушілер ұсталды

Петропавлда есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушілер ұсталды. Оларды құқық қорғаушылар қаңтардың 22-сіне қараған түні және 23-і күні қолға түсірді. Енді / ортақ тәртіпті елемеген жандар жақында ғана қатаңдатылған заңға сәйкес жазаланады. Яғни, әкімшілік қамауға алынады және бірнеше жылға жүргізуші куәлігінен айрылады.

Қаңтардың 21-інен 22-сіне қараған түні тәртіп сақшылары қисалаңдап көлікке мінген тұрғынның соңына түседі. Көп ұзамай полицейлер темір тұлпарды тоқтатып, жүргізушіні медициналық тексерістен өтуге апарады. Мұнда ер адамның тілі күрмеліп, маужырап, жөнді сөйлей алмайды әрі құжаттарының жоқтығы анықталады. Ал медициналық тексеріс оның есірткілік масаң күйде екендігін көрсетеді. Осы әрекеті үшін 82-ші жылғы тұрғын 20 тәулік әкімшілік қамауға алынады.

Араға шамамен 1 тәуліктей уақыт салып “Volkswagen” көлігін тізгіндегін жүргізуші қолға түсті. Тәртіп сақшылары оны машинасының нөмірлері көрінбегендіктен тоқтатқан. Тілдесе келе ер адамның есірткілік масаң күйінде екендігі анықталыпты.

Мұрат Ысмайылов – Петропавл қалалық ПБ ППБ взвод командирі:

– Қаңтардың 23-і күні Интернационал-Пушкин көшелерінің қиылысында “Volkswagen” көлігі тоқтатылды. Оның рөлінде есірткілік масаң күйде Петропавл қаласының тұрғыны отырды. Оны тексеру кезінде жүргізушіден трамадол препараты мен шприц алынды.

Айта кетейік, биыл мас күйде машина басқарғандарға жаза күшейтілді. Қазір қандай да бір тұлға ащы судан ұрттап алып, рөлге отырса жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрылады, 15 немесе одан да көп тәулікке қамауға алынады. Ал көлік басқару құқығынан айырыла тұра мұндай заң қайталанса, жүргізуші 5 жылға дейін бос бостандығынан айрылады немесе 13 млн теңге айыппұл төлейді және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айрылады.

Байболат Бектемірұлы