Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары алаңдаулы

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде баспана үшін қаражат жинап жатқан мыңдаған қазақстандықты қазір бір мәселе толғандырады. Жыл басынан “Нұрлы жер” бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізіліпті. Енді бастапқы нарықтан пәтер үлестірерде әкімдік кезегінде тұрған салымшыларға басымдық берілмек. Алайда, өзгерістерден көбі бейхабар, ал банк өкілдері жаңа ережелерді түсіндіруге асығар емес. Сондықтан, салымшылар енді баспана қолжетімсіз болады деп байбалам салуда.

Саят Ермек – тілші:

– “Нұрлы жер” бағдарламасында – өзгерістер! Биылдан бастап жаңадан салынған көпқабатты үйлерден ТҚЖБ тек әкімдіктерде кезекте тұрған салымшылары ғана пәтер ала алады деген әңгіме жүр. Ал шындығында қалай? Халық бұдан хабарсыз, сондықтан сұрақтарын қала әкімінің есептік кезедесуінде қойғандар аз болмады.

Ақық Әлімжанова – қала тұрғыны:

– Кезекте тұрмағандар не істейді? Жылдар бойы ақша мен балл жинағандар үшін баспана қолжетімсіз болып қала ма сонда?

Болат Жұмабеков сұраққа жауап бермеді. Өзгерістерді мен емес, орталық енгізді деді. Бірақ, осы мәселемен келген қалалықтарға арнап бөлек жеке қабылдау өткізді. Жағдайды түсіндіру үшін.

Сайран Тілеужанов – қала тұрғыны:

– 2015 жылы мен ТҚЖБ шот аштым. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша жаңа баспанадан пәтер алғым келеді. Бастапқы жарнаның жартысын жинап та қойдым. Ал қазір әкімдікте кезекте тұрған банк салымшыларына ғана пәтер беріледі деп жатыр. Яғни, кезекте тұрмаған салымшылар қалып қойды. Мұндай өзгерістердің болатыны жайлы неге ертерек айтылмады? Біз енді не істеуіміз керек?

“Нұрлы жер” бағдарламасының ресми операторы – Қазақстанның ТҚЖБ. Сондықтан, Сайран Тілеужановтың сауалына банктің кеңесшісі жауап берді.

Рустам Сералиев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ СҚОФ кеңесшісі:

– Үй тапсырылмас бұрын біз құжаттарды жинаймыз. Сонда ең алдымен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған салымшылардан ғана өтініштер қабылданатын болады.

Алайда, олардың арасында бастапқы жарнаны жинай алмағандар немесе төлеу қабілетін растай алмағандар болады дейді кеңесші. Олар ала алмаған пәтерлер өзге салымшылардың арасында үлестіріледі екен. Бірақ, оны ертерек брондап қою керек.

Рустам Сералиев – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ кеңесшісі:

– Сіз “baspana.kz” сайтына кіріп, қалаған үйден қалаған пәтеріңізді таңдап, оны тікелей брондап қоясыз. Кейін, 5 күннің ішінде банкке келіп, өзіңіздің төлеу қабілетіңізді растап, 20 пайыздық бастапқы жарнаны енгізіп қоюуыңыз керек.

Ал егер жаңа үйде пәтер қалмаса ше? Онда салымшылар баспананы қайталама нарықтан ала алады. Бірақ, бұл үшін оның жарты құнын жинау керек. Бұл көпшілік үшін оңай емес. Ал бұрын “Нұрлы жер” бойынша жаңа үйдегі пәтерлер кезекте тұрғандар мен өзге салымшылардың арасында тең бөлінетін. Жұртшылық осы шарттардың сақталғанын қалайды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Депутаттарға шықпай, бұл мәселені көтермей болмайды. Сондықтан, былай істейік – халықтың ұсыныстарын жинап, бұл мәселені қарастырып, ескі шаттарды қалдыруды сұрау керек. Бұдан басқа біз қазір еш нәрсе істей алмаймыз.

Аптаның басында өзгерістерді түсіндіріп беруді өтініп, ТҚЖБ жергілікті филиалына қоңырау шалған едік. Алайда, жоғарыдан рұқсат күтіп отырмыз деп, мамандар сұхбат бермеді. Десе де, қызметкерлер банктің Инстаграмм парақшасында қазір тікелей эфир жүргізіп, жұртқа жаңа шарттардың егжей-тегжейін айтып жатыр. Бірақ, сол Инстаграммда бәрі бірдей отырмайды ғой.

Саят Ермек