Қоғам

“Салауатты мектеп” жобасы жүзеге асырылып жатыр

Еліміздегі әр бесінші оқушыда артық салмақ бар. Қазіргі күні Қазақстанда дәл осы өзекті мәселенің алдын алу шаралары қызу жүргізіліп жатыр. Осы орайда қаламыздағы Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектепті айта кеткен жөн. Бүгінде аталған білім ошағы “Салауатты мектеп” жобасы аясында жұмыс істеуде.

Чипсілер мен фастфуд. Бұл тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп, ал дәрумендері мүлдем жоқ десе болады. Зиянды асты жиі тұтынудың салдары артық салмақ пен гастритке әкеп соқтырып жатады. Мұны ескерген Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебінің ұжымы оқу жылының басынан бері «Салауатты мектеп» атты жобаны қолға алған. Білім ошағындағы ас мәзірінен тез әзірленетін тағамдар алынып тасталып, көбірек жеміс-жидек қосылған.

Марина Коваленко – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің әлеуметтік педагогы:

– Мектепте дұрыс тамақтану сәнге айналды десе болады. Бұрын асханада өткір бір иіс тұратын, қазір ол да жоғалды. Балалардың салауатты өмір салтын ұстануға тырысулары, жаңашылдықты оңай қабылдағандары қуантады.

Жоба аясында мектептің ас мәзірі ғана емес, жалпы білім ошағының күнделікті өмірі өзгеріпті. Балалардың әрқайсысы жаппай спортпен шұғылдануға кірісіп кеткен. Осы орайда олар әр сенбі сайын түрлі эстафеталар ұйымдастырып, салауатты өмір салтын дәріптейтін көрінеді.

Ольга Попова- Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебі ата-аналар комитетінің төрайымы:

– Балалар салауатты өмір салтын мектеп қабырғасында ғана емес, одан тыс жерде де ұстанулары қажет. Осы орайда ата-аналар тарапынан қолдау керек. Яғни, балалар үйде де тез әзірленетін тағамнан аулақ болулары тиіс.

Негізі, жоба қолға алынбас бұрын мектептегі оқушылардың түгелі дәрігерлік тексерістен өткен. Сөйтіп, 20-ға жуық баланың артық салмағы бар екені анықталыпты. Зарина Қайржанованың Бақтияр есімді ұлы 7-ші сыныпта оқиды. Бойы 1 де 72 болатын жеткіншектің салмағы 80 келі екен. Анасының айтуынша бұл дұрыс тамақтанбаудың салдары көрінеді.

Зарина Қайыржанова:

 – Артық салмақ болғандықтан қандай да бір жұмыс жасау балама қиынға соғатын. Тағы демікпесі пайда бола бастады. Қазір мектеп түгел ұжым болып салауатты өмір салтына көшті. Бұл жобаға қатысуға ұсыныс тастағанда балам екеуіміз бірден келістік. Қазір аз да болса нәтиже бар. Мақсат 70 келіге дейін салмақ тастау.

Жобаның аясында көзделіп отырғаны – белгілі бір көрсеткішті орындау емес, денсаулықты нығайту.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы