Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Бағаны тұрақтандыру қорының сату орындары Петропавлдың әр ауданында пайда болмақ. Бұл туралы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова облыстық қоғамдық кеңесінің отырысында айтты.

Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде маңызды деген екі мәселе бар. Азық-түлік бағасы мен өңір тәртіп сақшыларының өткен жылы атқарған жұмысы. Әрбіреуі бойынша мінберден сөз алуға жарты сағат уақыт беріледі. Алайда, облыстың бас полицейі Марат Төлебаевтың баяндамасы регламенттен асып кетті. 12 айда тындырылған шаруа аз емес. Құқық қорғаушылардың еңбегі өз нәтижесін де беріп отыр. Былтыр 2018-бен салыстырғанда жасалған қылмыстардың саны 7 жарым пайызға азайған.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Өткен жылдары жасалған 330 қылмыстың беті ашылды. Оның ішінде – 1 адам өлтіру, 25 – алаяқтық, 4 – тонау, 6 бұзақылық пен 282 ұрлық фактісі бар. 83 қылмыскер құрықталды. Олардың 15-і брнеше жыл бойы іздеуде жүрген. 2019 – есірткімен күрес жылы болып жарияланғандықтан, бірқатар кешенді шара өткізілді. 390 келі зиянды зат пен 1 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Нашақорлардың саны да 13,2 пайызға төмендеді.

Полицейлердің айтуынша кей кәсіпкерлер тентек суды заңсыз саудалайды екен. Бірі – түнгі уақытта, бірі – акциздік маркасыз. 12 айдың ішінде мұндай 105 факті тіркелген. Осылайша, заңсыз сатылымнан 2 мың литр ішімдік тәркіленген. Өңір жолдарындағы жағдай да алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірқалыпты дейді Марат Төлебаев. 72 мың құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полицейлер атқарып жатқан шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғасынан қаза табу фактілері 2 есеге төмендеді.
Жиында азық-түліктің бағасын реттеу мәселелі де қаралды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің құнын шарықтатпау үшін өңірде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктердің барлығы сауда желілері мен базарларға сатылымға шығарылады. Арзан өнімдер сатылатын арнайы нүктелерді Ойқала, Жас Өркен, Жұмысшы мен Заречный кенттерінде ашуды жоспарлап отырмыз.

Өңір дүкендеріндегі азық-түліктің бағасын да басқарма мамандары бақылауда ұстауға тырысуда. Қазір аймақта арнайы штаб жұмыс істейді.

 

Эльмира Садвокасова