ТЖ

Өрт датчигі дабыл қағып, ұйқыдағы отбасы ажалдан аман қалды

Өрт датчигі дабыл қағып, ұйқыда жатқан отбасы ажалдан аман қалды. Жұмысшы кентіндегі үйлердің бірінде пештен қою қара түтін шығып, келіншек пен оның 4 баласы ыстан уланып қала жаздады.

Жұдырықтай ғана дүние бүтіндей бір отбасыны ажалдан аман алып қалды. Қаңтардың 12-сі күні Әсел Токина балаларымен бірге ерте жатып қалады. Шырт ұйқыдан түнгі 10 кезінде датчиктің дабылынан оянады. Сол сәтте үйде жағымсыз иістің бар екенін сезеді. Дереу пеш жаққа жүгіріп барса, аузынан қою қара түтін шығып жатыр екен.

Әсел Токина – қала тұрғыны:

– Балаларым ұйықтап жатқан еді. Күйеуім жұмыста болатын. Көмір салғаннан соң қоқыс тастадым. Пластик еріп, пештің астына ағып кеткен екен.

Әсел Токина жолдасымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені 13 жаста, кішісі болса небәрі 3-ке толыпты.
Осы оқиғадан кейін келіншек датчикті орнатып кеткен құтқарушыларға хат арқылы алғысын жолдапты.
Жалпы, мұндай датчиктерді үйіңізге арнайы мамандардың көмегінсіз-ақ орнатуға болады. Түтінді ол 5-10 секундтың ішінде байқап дабыл қағады. Құны жұмыс істеу мерзіміне қарай мың теңгеден басталды. Айтарлықтар қалта қағарлық сома емес. Алайда, құтқарушылардың сөзінше осы арзан дүниені алуға көбі құлықсыз көрінеді. Сезгіш құралды орнатуға тұрғындар ынтамен қараса өрт оқиғаларына қатысты статистиканы азайтуға болар ма еді.

Қанат Баяндин – қалалық ТЖБ бас маманы:

– Қалада жыл басынан бері 8 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам қаза тапты. Оның 2-уі – бала. Тұрғындар көп жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Қыс кезінде адамдардың көбі пештерін тексерістен өткізбейді. Отқа полиэтиленнен жасалған заттарды тастауға болмайды. Мұндай дүниелер улы газ шығарады.

Құтқарушылар өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қаладағы 30-ға тарта үйге өртке қарсы дабылы бар датчиктерді орнатқан.

 

 

Маржан Касымбек