Қоғам

Петропавлда ескі ағаштар кесіліп жатыр

Петропавлда ескі ағаштармен қатар жастары да кесіліп жатыр. Жақында әлеуметтік желіде осындай мәлімет таралған болатын. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін қалалық әкімдік өкілдеріне хабарласып, жауап алдық. Олар қоғамның қызу талқысындағы ақпарды жоққа шығарды.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Жазда ғана бұл жерде 100-деген жасыл желек жайқалып тұрған еді. Көріп тұрғанымыздай апатты жағдайдағы ағаштардан бөлек, осыдан бірнеше жыл бұрын отырғызылған теректер де бұталып тасталған көрінеді. Осы орайда бірден «не үшін?» деген сұрақ ойға келеді екен. Ал оның жауабын біраздан соң біліп көреміз.

Бұл туралы қала тұрғындарының пікірі қандай? Ең алдымен соны сұрамақшы болып көшеге шықтық.

– Көшеге жаңадан ағаш отырғызу үшін кесіп жатыр деп ойлаймын. Қаламыз көркейіп, жақсару үшін істеп жатқан шығар.

– Құлағалы тұрған ағаштарды кесіп жатса, құптарлық іс. Олардың орнына жаңаларын отырғызып, қала құлпыра түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Ағашты кесу менің ойымша дұрыс емес. Негізі, қаланың сәнін келтіріп тұрған дүние ғой. Ескілерін кессе құптаймын.

Бұл мәселе осыдан 2 күн бұрын Инстаграм желісінде де қызу талқыланған еді. Мұнда да шаһар жұртының пікірі екіге бөлінді.

– Түсінбедім, біреу ағаштардан қорқа ма, әлде қалай? Қала емес, лас мекенге айналып бара жатыр.

– Ескі теректердің орнына жас талдарды отырғызады.

Ал Партизанская көшесінің бойында дәл қазір қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндағы қызметкерлер жолдың жиегіндегі ағаштарды кесіп, оларды бұтайды. Ал көктемде орнына жаңадан пирамидалық терек, шетен, жөке, қайың және қара үйеңкі отырғызылады. Жас ағаштарды кеспейміз, тұрғындарға еш алаңдаудың қажеті жоқ дейді мамандар.

Дархан Айтпаев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскері:

– Қаланы абаттандыру аясында жыл басынан бері ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұлардың барлығы – апаттық жағдайда тұрған және ескірген ағаштар. Көктемде олардың орнына жаңа тал-теректерді отырғызамыз. Қаланы абаттандыру мен ағаштарды кесуге облыстық бюджеттен 15 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, биыл шаһарымыздағы жасыл желектер 7 мың данамен жаңартылады.

Тозығы жеткен ағаштар кесіледі, бұталады. Кейін олар артылып, аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Ол үшін тұрғындар жергілікті әкімдікке өтінім берулері керек.
Ал аула ішіндегі ағаштарды аралау жұмыстарының жайына келсек. Мамандардың айтуынша былтыр тұрғындардың шағымы бойынша құлағалы тұрған 300 желек кесіліпті.

Дархан Айтпаев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскері:

– Апаттық жағдайда тұрған және құлаған ағаштар бойынша тұрғындардан шағым жиі түседі. Қазіргі күні бірнеше аула тізімде тұр. Алдағы уақытта барып ол жердегі ағаштарды қарап көреміз. Егер ескі немесе апаттық жағдайда болса, әрине кесіп тастаймыз. Былтырдың өзінде 300-ден астам ағаш араланды.

Ал мынау – Брусиловкий көшесінің бойындағы аулалардың бірі. Көріп тұрғанымыздай бұл жерде жағдайы нашар желектер көп. Арасында жарты ғасырдан артық ғұмыр жасағандары да бар екен. Тұрғындар қатты жел соқса жуандары опырылып түсіп, аулада жүрген кісілерді жаншып тастай ма деп алаңдауда. Былтырдың өзінде мұнда өсіп тұрған 2 тал құлап түскен дейді жұртшылық. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген екен. Адамдар ағаштарды кесіп тастауды сұрап бірнеше мәрте жергілікті әкімдікке жүгіндік дейді. Бірақ, олардың өтініші орындалмаған.

Болат Жақанов – қала тұрғыны:

– Былтыр әкімдікке қағаз жазып шағымданғанбыз бұл ағаштарды кесіп тастаңыздар деп. Әкімдіктегілер бізге ағаштарды суретке түсіріп алып келіңдер және осы үйде тұратын бүкіл халықтың қолдарын жинап әкел деді. Оны түсіретін ешкім болмады, сонымен осылай қалды. Мына ағаштардың отырғызылғанына көп жыл болған. Өте қорқынышты.

Тұрғындар бұл сұрақпен әкімдікке тағы да арыз жазып көреміз дейді. Ұзақ уақыттан бері түйіні тарқамай келе жатқан мәселе жақын арада шешіле ме деп үміттеніп отыр.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан