МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Айыртау ауданында қоғамдық қабылдау өткізді

Қазіргі күні Саумалкөл ауылындағы көпқабатты үйлердің бірқатары қаңырап бос тұр. Оларды мемлекет меншігіне өткізіп, баспанаға мұқтаж тұрғындарға беру қажет. Осындай мәселені айыртаулықтар облыс әкімі Құмар Ақсақалов өткізген қоғамдық қабылдауда көтерді. Жалпы, кездесуде 7 адамның өтініш-тілегі тыңдалды. Жүздесуде көз жасына ерік бергендер де болды.

Аққайыңдар өлкесіндегі мынадай қос қабатты үйлер Кеңес Одағы тұсында бой көтерді. Олар ауылға келген жас мамандарға берілді. Яғни, дәрігерлер, мұғалімдер мен агрономдар қоныстанды. Баспаналар қаладағы пәтерлерден кем түспеді. Кең, жарық, жылы болды. Су да үздіксіз беріліп тұрды. Ал тоқырау жылдары жағдай түпкілікті өзгерді. Орталықтан келетін жылу тоқтатылып, адамдар үй ішіне пеш орната бастады. Содан бері халық отын-көмір жағуға мәжбүр болды. Мұндай мәселе Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде де өткір тұр. Ағайын өзекті проблеманы облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жеткізіп, біржақты етуді сұрады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл жаңа қазандық салып жатырмыз. Алдағы уақытта қондырғы іске қосылады. Осылайша жылу бірқатар қосқабатты үйлерге жетеді. Мен осы баспаналарды орталықтандырылған жылу желісіне қосуды тапсырамын.

Ал Нұрғайша Қазақбаеваны басқа мәселе алаңдатады. Пәтер кезегінде тұрған жерлесіміз облыс әкімінен баспана сұрап келді. Ол қазір 3 баласы және жолдасымен қайын енесінің қолында тұрып жатыр екен. Өткен жылы өз үйі апаттық деп танылыпты.

Нұрғайша Қазақбаева – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Кезекте бірінші тұрмын. Ақпан айының басында 4-ші баланы өмірге әкелемін. Тұрып жатқан үйімнің төбесі құлап, қайын енемнің үйіне көшіп бардым. Қайын енем мына бала босанғанша тұрасың, сосын қуып жіберемін дейді. Екі балам мектепте оқиды, бір балам – балабақшада. Өзім уайымдаймын.

Мәселені жайып салған нәзікжанды көзіне жас та алды. Азаматшаға жергілікті билік көмектеседі. Жақын арада уақытша баспана ұсынылады. Облыс әкімі Саумалкөлдегі көпқабатты үй қолданысқа тапсырылғасын, пәтер де берілетіндігін айтты. Бірақ, адамдар үнемі мемлекет көмегіне иек арта бермей еңбектенулері қажет. Құмар Ақсақалов Нұрғайша Қазақбаеваны және өзгелерін де осыған шақырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз қазір көмектесеміз. Бірақ, сіздер жұмыс істеу керексіздер. Балаларыңызға үлгі болу керексіздер. Қазір неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл өмірде тырысу керек.

Қоғамдық қабылдауда Ольга Спиридонова да көз жасына ерік берді. Азаматша өзі тұратын Лобаново селосында жастар қалмай қала ма деп алаңдайды. Қазір елді мекендегі Айыртау ауыл шаруашылығы колледжі мен Саумалкөлдегі агротехникалық колледж біріктіріліп жатқан көрінеді. Енді білім ошағы аудан орталығында болмақ. Жергілікті билікке бір-бірінен аумайтын мекемелерді ұстау қиынға соғыпты. Мысалы, Лобановодағы 1 студентті оқыту үшін мемлекет 2 млн теңге жұмсауы тиіс екен.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Айыртау ауыл шаруашылығы колледжіндегі мүлік Саумалкөлдегі колледжге өтті. Бір жатақхана жұмысын тоқтатты. Өйткені, білім алатын бала жоқ. Былтыр және биыл 25 студенттен тұратын 2 топ жасақтау қажет болатын. Колледж жастарды жинай алмай, егде жастағы адамдарды қабылдаған. Сол себепті, бізге іске араласып, топтарды жабуға тура келді.

Лобанова селосындағы колледж аумағында 2 жатақхана, қазандық пен асхана бар екен. Бұл нысандарды жаңғыртып, іске қосуға болады. Мәселен, шипажай ашуға мүмкіндік бар. Аймақ басшысы аудан әкіміне жоспар құрып, елді мекеннің екінші тынысын ашу қажеттігін айтты. Ол үшін тың жоба ойластыруы керек. Құмар Ақсақалов Руслан Хисамутдиновпен де жолықты. Азамат қаңырап бос тұрған нысандардың барлығын жергілікті билік сатып алғанын қалайды.

Руслан Хисамутдинов – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Бос тұрған үйлерді жеке меншікте болғаннан кейін мемлекет қалыпқа келтіре алмайды. Иелері де жөндемейді. Сондықтан, көпқабатты нысандардағы пәтерлерді жергілікті билік сатып алса деймін. Жеке меншіктің бағасы жоғары болмауы тиіс. Менің ойымша әр шаршы метрі 10 мың теңгеге бағаланады.

Жерлесіміздің қалағаны орындалса, нысандарды қалыпқа келтіріп, адамдарды қоныстандыруға болады. Атқарылған істің арқасында Саумалкөлдің де ажары ашылады. Жалпы, қазіргі күні ауданда бос тұрған 17 көпқабатты үй бар екен. Оларда 900-ге тарта пәтер бар. Баспаналардың 20 пайызы ғана коммуналдық меншік болып табылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйлердің барлығын жедел арада тексеру қажет. Баспаналардың кейбірі тұруға жарамсыз. Оларды құлатқан дұрыс. Мен сатып алуға қарсы емеспін. Өйткені, пәтерлердің бір бөлігі коммуналдық мүлік болып саналады. Сатып алу ұзаққа созылады. Пәтерлерге лайықты баға ұсынылса, біз талқылауға дайынбыз.

Руслан Хисамутдинов абаттандыру бойынша да өз ұсынысын айтты. Айыртаулық азамат мынадай қоршау жасайды екен. Мұндай дүние сапасы аса жоғары металдан әзірленеді. Сондықтан, ұзақ уақыт тұрады. Әрбір метрінің құны – 9 мың теңге. Бұл сомаға орнату да кіреді. Әңгіме барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов бағаны төмендету қажеттігін айтты.

 

 

Култанов Байболат