Бензин неге қымбаттады?

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:14 22 Қаңтар 2020

Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин қымбаттады. Бағаның өсуі солтүстік өңірді де айналып өтпеді. Жергілікті станцияларда 92-ші жанармайдың 1 литрі қазір 154 теңгеден саудаланып жатыр. Бұл жаңалық көлік иелерінің көңілін түсірмей қоймады. Олар енді қалтаға қосымша салмақ түсетін болды деп отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Петропавлдық жанармай станциялары таблолардағы сандарды жаппай жаңартып жатыр. Бензин қымбаттауда. Құны шарықтаған марка – бұқараның сұранысына ие АИ-92. Жаңа жылға дейін оның литрі қалада орта есеппен 148 теңге тұрған еді, кейін 152-ге көтерілді, ал қазіргі баға, көріп тұрғандарыңыздай – 154.

Яғни, өсім 6 теңгені құрап отыр. Бір қарағанда көп емес, десе де қалтаны қағады дейді жұртшылық.

Иә, станцияға тоқтаған жүргізушілердің дені тілші сауалына қабақ түйіп, құлықсыз жауап қатты. Өйтпегенде ше?!

– Күніне кемінде 10 литр құямын. Екі күнде 3 мың теңге кететін болды. Бұл өзім сияқты қарапайым халық үшін қымбаттау. Енді шарықтамаса игі болар еді.

– Көлікті көп жүргізбеймін, сондықтан аса сезбедім. Ал күнұзаққа рөлде отыратындар үшін, әрине, қымбат. Бірақ, амал қанша?!

Бензин қымбаттайды деген әңгіме желтоқсанда қозғалған еді. Себеп дефицитте емес. Бар гәп мынада – біздегі құны арзан отын жаппай көрші елдерге сатылып жатыр. Салдарынан Үкімет жыл басынан жанармай үшін акциздік алымды өсіріп жіберген.

Ләззат Галеева, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы сауда бөлімінің бас маманы:

– Бензинді көтерме саудалау үшін акциз ставкасы артты. Бұрын жанармайдың 1 тоннасы үшін алым 10 500 теңгені құраған еді, жаңа жылдан сома 24 435 теңгеге дейін өсті. Бұл, әрине, бөлшек сауда бағасына да әсер етпей қоймады.

92-ші бензин тек теріскейде ғана емес, күллі Қазақстан бойынша қымбаттап жатыр. Бас қаланың өзінде мұндай отынның литрі 152 мен 158 теңгенің аралығында құбылады. Біздегі ахуалды жоғарыда айттық – 154. Бірақ, бұл да шек емес дейді мамандар. 92-нің құны көп дегенде әлі 4 теңгеге артады. Ал өзге жанармайға қатысты жағдай қандай?

Ләззат Галеева, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы сауда бөлімінің бас маманы:

– 95-ші маркалы бензиннің құны – облыс бойынша орта есеппен 175 теңге, жазғы дизельдік отын – 198, ал қысқысының литрі 284 теңгені құрайды. Баға сол қалпы қалды.

Ең қызығы, өлкеде бензиннің профициті тіркеліп отыр. Яғни, жанармай артығымен бар бізде. Бірақ, бұл жағдайға оң әсер етпейді, өкінішке қарай. Десе де, бағаның шамадан тыс шарықтамауын жергілікті билік бақылауда ұстаймыз деп сендірді. Ал халық болса, бензин құнының өсуі өзге де тауарлардың қымбаттауына әкеліп соқтырмаса болды дейді. Мұндай қауіп жоқ емес.

 

Саят Ермек

 

Бұдан әрі оқыңыз

Облыс әкімі Тайынша ауданында қоғамдық қабылдау өткізді
“Agro Lab” серіктестігі мен СҚМУ арасында меморандумға қол қойылды
6 мыңнан аса жұмысшы жалақыларын алған
Ауыл шаруашылығы саласының алқа отырысы өтті
Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы есеп берді
Үздік жобалар анықталады
Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті
Дружба ауылынан Петропавлға автобус жүрмейді
3 балабақшаның дауы
Өңір ауруханалары коронавируспен күреске даяр
Солтүстікқазақстандық делегация түркиялық клиниканың жұмысымен танысты
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов есеп берді