Қоғам

Ардагерлер кеңесінің жанынан еріктілер ұйымы құрылды

Волонтердің төсбелгісі мен төлқұжаты жоқ, бірақ игі іс жасаймын деген ниеті бар. Ардагерлер кеңесінің мүшелері жаңа еріктілер қозғалысын құрды. Ұйымға құрметті еңбек демалысында қол қусырып отырмай, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін жандар мүшелік етуде. Белсенді зейнеткерлер 17 бағыт бойынша жұмыс істемек.

Кешегі – Тимур және оның командасы, бүгінгі – еріктілер. Залға зейнеттегі педагогтар, спортшылар мен денсаулық сақтау саласының мамандары жиылған. Бұл жандар бала кезінен өзгеге көмек қолын созып, қоғамдық шараларға ат салысқан. Қандарына әбден сіңген белсенділік, құрметті еңбек демалысында да қол қусырып отырғызбайды. Сондықтан, ардагерлер кеңесінің жанында жаңа волонтерлік ұйым құрылды.

Сәуле Тахметова – облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы еріктілер кеңесінің төрайымы:

– Зейнеткерлер еңбек демалысына шыққаннан кейін төрт қабырғаға қамалып отырғылары келмейді. Қариялар қоғамдық шараларға барынша ат салысады. Еріктілер жылы болған соң біз өзіміздің волонтерлік ұйымымызды құруды шештік. Қала мен барлық аудандарды қамтитын боламыз. Қолдан келетін көмегімізді аямаймыз.

Волонтерлер дегенде көз алдымызға қолдарына күрек ұстап, қар күреп жүрген бозбалалар, су тасып жүрген жігіттер мен жағажайды қоқыстан тазалайтын жастар келеді. Ал қарияларды еріктілер рөлінде елестету қиындау сияқты. Бірақ, мұндай жандар біздің өңірде жетерлік. Мәселен, жуырда ғана арнамыздан 71 жастағы Юрий Краснопер туралы бейнематериал көрсеткен едік. Бескөл ауылының тұрғыны жерлестеріне арнап ұзындығы 150 метрге жуықтайтын сырғанақ жасады. Ол мұз төбешікті осымен 3-ші жыл қатарынан құруда. Өзі де ырза, келушілер де алғыстарын жаудыруда.

Тағы бір мысал – Жамбыл ауданының тұрғыны Александр Фролов. Азамат өз ауылы мен көрші селолардан кезінде ҰОС аттанған жауынгерлердің есімдерін жаңғыртуда. Зейнеттегі қария бұл іске бақандай 10 жылын арнапты. Осы аралықта 3 мың майдангер туралы ақпарат жинаған. Үлгі қылатын белсенділердің қатары көп-ақ. Оларда волонтердің төсбелгісі мен төлқұжаты жоқ. Камера алдында сөйлеп, халыққа танымал болу дегенді мақсат етпейді. Бастысы – қоғамға пайдалы іс жасау. Алдағы уақытта қатарларына Сәуле Біләлова да қосылмақ. Ардагер ұстаз 40 жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Қазір зейнетте болса да «бұл істі жалғастыруға дайынмын»,-дейді.

Сәуле Біләлова – ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Мен 40 жыл мектепте жұмыс істедім. Қазір балаларды ҰБТ-ға дайындағым келеді. Балалардың барлығында бірдей репетитор жалдауға ақшалары жоқ. Сондықтан, оларды тегін қабылдар едім. Маған оқушылардың жақсы бал жинап, ата-аналарын қуантқандары керек.

Осылай Сәуле Біләлова еріктілер қозғалысыныңі білім-интеллект саласында еңбектенбек. Жалпы, ел волонтерлерінде жолға қойылған 7 бағыт бар. Медицина, экология, спорт, әлеуметтік жұмыс, медиа мен туризм. Ал солтүстікқазақстандықтар болса, осы жетеуімен шектелмей, 17-сін бір-ақ қолға алмақ. Нәтижесі көп күттірмейді деп сендірді еріктілер.

 

 

 

Эльмира Садвокасова