Білім

Ағылшын тілін оқыту бойынша халықаралық жоба қолға алынды

Ағылшын тілін тереңірек меңгеру. Петропавлда осындай мақсатпен әрі тегін өткізілетін халықаралық жоба қолға алынды. Оқуға ынталы азаматтар іріктелді. Енді қатысушылар өз араларында қызықты тақырыптарға пікірталас өткізіп, жаңа ортада өз ойын еркін білдірудің қыр-сырын үйренбек.

Студенттер, магистранттар мен ағылшын, биология, химия пәндерінің ұстаздары. Курсқа қатысушылардың жасы мен қызметі әр түрлі. Шет тілін білу деңгейлері де өзгеше келеді. Бірақ, барлығын бір мақсат біріктіреді. Олар келешекте кез келген ортада өз пікірін кеңірек, еркін білдіргісі келеді. Дәріс барысында белгілі бір мәтінді жаттаудың қажеті жоқ. Тыңдаушылар қоғамда болып жатқан өзгерістерге көз жүгіртіп, өзара талқыға салады.

Ирина Олькова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ шет тілдері кафедарасының доценті:

– Дәрістер тегін, аптасына 50 минуттан 2 рет өтеді. Бір сабақ университетте ұйымдастырылады. Ал келесісінде облыстық кітапханада бас қосамыз.

Эльвира Лютова Назарбаев Зияткерлік мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Оның шет тілін меңгеруі С1, яғни жоғары деңгейде. Бірақ, соның өзінде білімін одан бетер жетілдіргісі келеді.

Эльвира Лютова – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқытушысы:

– Курстарға қатысу үшін іріктеу кезеңінен өттік. Бірініші, өзіміз туралы сауалнама толтырып, дәрістен не күтетініміз жайлы пікір жаздық. Ал келесі кезеңде ұйымдастырушылармен сұхбат құрдық. Барлығы ағылшын тілінде өтті.

Халықаралық жобаға қатысуға әуелде 48 адам ниет білдірген екен. Бірақ, іріктеу кезеңінен 24-і ғана өтіпті. Оқыту курстары сәуірдің 30-ына дейін жалғасады. Соңында тыңдаушыларға тиісті сертификат беріледі.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы