Спорт

Жас зілтеміршілеріміз жарады

Жас зілтеміршілеріміз жарады. Спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының оқушылары жуырда Көкшетауда ауыр атлетикадан өткен республикалық ашық турнирден олжалы оралды.
Спортшылар қанжығаларын бір емес, бірден 18 медальмен майлады. Оның 4-еуі – алтын, 9-ы – күміс және 5-еуі – қола.

Нұрбол Болатбек – Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылының тумасы. Жеткіншек спортқа бала кезінен әуес болған. Алдымен күреспен айналысыпты, кейін зілтемір көтеруге ден қойған. 2 жылдан бері Нұрбол облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда үздік атанып жүр. Соңғысы – ашық республикалық турнир желтоқсан айының соңында Көкшетау қаласында өтіпті. Мұнда жеткіншек 67 келі салмақта сайысып, алтынан алқа тағынған.

Нұрбол Болатбек – ауыр атлетикадан өткен ашық республикалық турнирінің жеңімпазы:

– Бірінші жұлқа көтеру сайысында – 78 келі, ал серпе көтеруде 103 келіні еңсердім. Бұл жарыс қиын болды. Өйткені, Қырғызстаннан келген спортшы мықты екен, әзер жеңдім.

Никита Коболь ең үздігі атана алмаса да үштікке енген. Зілтемірші 2-ші орынды қанжылаған. Ол серпе көтеруден – 60 келі, ал жұлқа көтеруден 48 келіні еңсеріпті. Ауыр атлетикамен 1 жыл ғана айналысып жүрген Никита үшін бұл – жоғары нәтижелердің бірі.

Никита Коболь – ауыр атлетикадан өткен ашық республикалық турнирінің жүлдегері:

– Әуелде осы спорт түрін таңдағанда бәрін басқаша елестеттім. Техникасы жайлы, тіпті, білмедім. Бірақ, жаттықтырушыларым біраз дүниені үйретті. Қазір зілтемір көтерудің қиындығы мен оның зор күш-қайратты талап ететіндігін түсіндім.

Бүгінде Эрик Алибаевтың тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, өңір намысын асқақтатып жүр. Соның бірі – Универсиада, Азия ойындарының чемпионы Айдар Қазов. Жастар мұндай спортшыларға қарап бой түзейді. Айдар шыққан шыңды бағындырғылары келеді.

Эрик Алибаев – ауыр атлетика бойынша облыстың аға жаттықтырушысы:

– Осымен 9-ші рет ұйымдастырылған турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен 239 спортшы қастысты. Біздің тәрбиеленушілеріміздің 5-еуі – 3-ші орын, 9-ы – 2-ші, ал 4-еуі – 1-ші орынды иеленді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш және біздің талай жылғы еңбегіміздің айқын дәлелі деп білемін.

Енді жас спортшылар қаңтардың 21-і мен 29-ы аралығында Қостанай қаласында өтетін кезекті республикалық турнирге қатысады.

 

Актолкын Солтанханкызы