Қоғам

Петропавлда “Крещение Господне” мейрамы аталып өтті

Қаңтардың 19-ы православтықтар ең көне әрі басты діни мейрамдарының бірі -«Крещение Господне» мерекесін атап өтті. Бұл күні дәстүрге сай христиандар Есіл өзеніне көптеп жиылды. Онда біреулері қасиетті тіршілік көзін ыдыстарына құйып алуға келсе, енді біреулері мұздай суға шомылды.

Ең алдымен дәстүрлі түрде Петропавл-Булаев епархиясының епископы Владимир дұға оқып, суға крестті бірнеше рет батырды. Православ дінін ұстанушылардың сөзінше Крещение мейрамында жер бетіндегі барлық су атаулы жаңарып, тазарады екен. Бұл күні құтыға құйылып алынған қасиетті су бір жыл бойы шипалық қасиетін жоғалтпайды деген сенім бар. Бүгін тіршілік көзін ыдыстрына құйып алу үшін жерлестеріміз көптеп келген. Солардың бірі – Нина Маложенко.

Нина Моложенко – қала тұрғыны:

– Мерекені отбасымызбен бірге жыл сайын атап өтеміз. Есіл өзеніне келіп, қасиетті судан құйып аламыз. Кейін бір жыл бойы оны керегімізге жаратамыз. Дәл осы күні құйылып алынған судың емдік қасиеті бар.

Бұл күні өзендегі су ерекше қасиетке ие болатындықтан жиылған жұрт далада мұздай суға шомылады. Айтуларынша ол адамның денсаулығын нығайтады екен. Биылғы мейрамда ауа райы қатты мінез танытқан жоқ. Суық суға шомылғысы келетіндердің қатары да аз болмады.

– “Крещение Господне” – өте қасиетті мереке. Бұл күні барлық күнәларды жуып-шаюға болады. Өзім суға шомылып, жанымды тазартуға келдім.

– Қасиетті суға шомылғаннан кейін өмірге жаңа келген сияқтымын. Барлықтарына зор денсаулық тілеймін.

Бұл күні өзен үстіне жиналған халықтың қауіпсіздігі де жіті бақыланды. Тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері Есіл бойында түнге дейін кезекшілік атқарды.

Муршида Обознова – СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің медбикесі:

– Бүгін барлық православ дінін ұстанушылар үшін қасиетті мереке. Дегенмен, қауіпсіздік ережелерін де ұстануды ұмытпау керек. Адамдар суға шомылу үшін түнде де келеді.

Айта кетсек, православтардың “Крещение Господне” мейрамында қалалық жағажайда 3 ойық әзірленген екен.

Ешкенова Дана