Аптадағы маңызды жаңалықтар

Архангелькое селолық округінің әкімі есеп берді

Атқарылған шаруа пысықталып, алдағы жоспар айқындалды. Бүгін Қызылжар ауданына қарасты Архангельское селолық округінің әкімі Ирина Рыбакова халық алдында есеп берді. Оның сөзінше 2020 жылы біраз жұмыс тындырылмақ. Новокаменкада балалар ойын алаңы пайда болады, жарық шамдары орнатылады. Ал Архангелька орта мектебі күрделі жөндеу көреді. Жиында тұрғындар әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын да қоя алды.

Бүгін Ирина Рыбакова халық алдында алғаш рет есеп беріп отыр. Себебі, ол Архангельское селолық округінің әкімі қызметіне өткен жылы тағайындалды. Атқамінер баяндаманы тындырылған істен бастады. Айтуынша былтыр аумақтық-әкімшілік бөлік құрамындағы Новокаменка мен Архангельское елді мекендерінде малдың басы артыпты. Құрылыс жұмыстары да жиі жүргізілген екен.

Ирина Рыбакова – Архангельское селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Өткен жылы “Ер-Агро” ЖШС мал шаруашылық базасын тұрғызып, 200 бас ірі қара сатып алынды. Өзге де кәсіпорындар қол қусырып отырмады. Олар астық және көкөніс сақтау орындарын салды. Өндірістік ғимараттарын қайта қалыпқа келтірді, іске қажет қондырғылар сатып алды. Құрылыс жұмыстары биыл да жалғасады. Новокаменкада құс фабрикасы бой көтереді.

Осының арқасында 120-ға жуық ауыл тұрғыны еңбекпен қамтылады. Округте үйлер де тұрғызылып жатыр. Мысалы, былтыр Архангельское селосында 3 ғимарат салыныпты. Су жаңа баспаналарға өңірімізге өзге жақтан көшіп келетін адамдар қоныстанбақ. Мұндай жұмыс биыл да жалғасын табады. Аталған елді мекенде тағы 3 нысан халық игілігіне берілмек. Баяндамасында Ирина Рыбакова жол, жарық мәселесіне де тоқталды.

Ирина Рыбакова – Архангельское селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Архангельское мен Новокаменка селоларының ішкі жолдары қалыпқа келтіріледі. 3,5 шақырымды жөндеуге 3 млн теңгеден аса қаржы бағытталмақ. Тағы, Новокаменкада 300 метр жерге жарық шамдары орнатылады, балалардың ойын алаңқайы пайда болады. Су мәселесі өткір тұр. Адамдар суды үйлеріндегі құдықтардан алып ішуге мәжбүр. Қуанышымызға орай, қазір елді мекендерге тіршілік көзін тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келесі жылы ауылдарға ауыз су келмек.

Былтыр 160-қа жуық бала оқитын Новокаменка орта мектебі күрделі жөндеу көрді. Іске 36 млн теңге бағытталыпты. Ақшаға білім ошағының есік-терезелері алмастырылды, қабырғалар түзетілді. Биыл мұндай шаруа Архангелька орта мектебінде атқарылмақ. Баяндама аяқталғасын тұрғындар әкімге толғандырған проблемаларын жеткізді. Марат Бақтыбаевты ауылдағы қаңғыбас иттер алаңдатады. Жақында бір топ төрт аяқты қойға шауыпты.

Марат Бақтыбаев – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– 15-20 шақты ит далада жүреді. Осы иттер қораға кіріп, қойларды талауды бастады. Менің екі қозымды өлтірді. Көршімнің 4 қойын талады.

Марат ағамыз қараусыз жүрген иттерді ату керек дейді. Мұны залға жиналған тұрғындар бірауыздан құптады. Бірақ, қаңғыбас төрт аяқтылардың көзін жою үшін міндетті түрде ветенария бөліміне өтініш жазу керек екен. Осыны округ әкімі еске салды. Және Ирина Рыбакова адамдарды үй жануарларын байлауға шақырды. Сонда жұртты үрейлендірген иттердің саны азаймақ. Тағы, новокаменкалықтар көшелерге жол белгілерінің орнатылғанын да қалайды.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Селодағы көшелерде бірде-бір жол белгісі жоқ екен. Мұны біз жаңа жиналыста да естідік, ауылды аралап жүріп те аңғардық. Міне, тұрғындар осы көшелерге жол белгілерінің орнатылғандығын қалайды. Әсіресе, адамдар “Абайлаңыз, балалар” немесе “Жылдамдықты төмендетіңіз” сынды таңбалар қойылса дейді. Өйткені, олар желдей жүйткіген көліктерден қауіптенеді.

Қауіптенетіндей жөндері бар. Мектептен шыққан балаларды елемей, село ішінде зулап жүрген көліктерді біз де көрдік. Округ әкімі жол белгілерін орнату үшін полиция бөліміне хабарласу қажет деп қысқа қайырды. Сонымен қатар, адамдар көшелердің қардан жөнді тазаланбайтындығын да айтты. Сөздерінше ауылдағы кейбір кәсіпорындар өздеріне бекітілген ішкі жолдарды ретке келтірмейді екен. Салдарынан тұрғындар оппамен жүруге мәжбүр. Жергілікті атқамінер іске жандардың жауапсыздығын аудан әкімінің орынбасарына жеткізіпті. Мәселе алдағы уақытта шешілуі тиіс. Есептік кездесуде “Ер-Агро” ЖШС директоры Анатолий Шушамоинді де жолықтырдық. Жақында бұл диқанның сараңдығын мәжілісмендерге Архангельское селосының азаматтары жеткізгені мәлім. Олар кәсіпкер пай бермей жатыр деген болатын. Бүгінде проблема шешіліпті.

Анатолий Шушамоин – “Ер-Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Пайды сәл кешіктірдік. Мұндай жағдай бұрынғы директорға байланысты орын алды. Қазір 22 үлескердің барлығына астық берілді. Өзіміз 12 мың гектарға дән сіңіреміз. Биыл элеватор тұрғызбақ ойымыз бар.

Жалпы, қазіргі күні Архангельское селолық округінде 2 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр.

 

 

 

Култанов Байболат